Біз Алтын Орданың тікелей мұрагеріміз – тарихшы

26 Ақпан 2020, 14:34
2625
Бөлісу:
Біз Алтын Орданың тікелей мұрагеріміз – тарихшы
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Тіліміз, мәдениетіміз, фольклорымыз, дініміз осы Алтын Орда дәуірінде қалыптасты, соның нәтижесінде өз алдына шаңырақ көтерген Қазақ хандығында қазақ деген этникалық мәнмен тарих сахнасына шықтық. 

Бұл туралы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Тарих факультетінің деканы Меңдігүл Ноғайбаева "Алтын Орда мемлекеті – Ұлы дала өркениеті" атты жиын барысында айтты.

Тарихшының айтуынша, еліміздің тарихы, мәдениеті, әдебиетінде Алтын Орданың орны ерекше. Әсіресе Қазақ мемлекетінің қалыптасуы тікелей Алтын Ордамен байланысты. Бұрынғы Алтын Орданың территориясына қарайтын болсақ, соның шекпенінен шыққан түркі халықтары ішінде тек Қазақстан ғана тәуелсіз өмір сүріп отыр. 

Еліміз Алтын Орда территориясының жартысын иеленіп отыр. Сондықтан құқықтық, саяси, мәдени тұрғыдан алғанда да Алтын Орданың тікелей мұрагері Қазақстан Республикасы екенін айтуымыз керек. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен Алтын Орданың 750 жылдығын атап өту дер кезінде көтерілген мәселе деп есептеймін. Өйткені бұл біздің ұлттық қауіпсіздігіміз бен территориялық тұтастығымызды қамтамасыз ететін және тарихи санамыздың жаңғыруымен байланысты маңызды тақырыптың бірі, - дейді Меңдігүл Ноғайбаева. 
WhatsApp Image 2020-02-26 at 14.29.00.jpeg

Тархишы "Алтын Орданың 750 жылдығында қандай мәселеге мән беру керек?" деген сұраққа былайша жауап берді.

Алтын Орданың 750 жылдығын тойлауға қатысты Үкіметтің арнайы қаулысы шықты. Онда қандай маңызды іс-шаралар өткізу керектігі бекітіліп, соған қаржы бөлінген. Саралап отырсақ, қаржының басым бөлігі бұл Алтын Орда дәуірі кезеңінен қалған біздің тарихи-мәдени материалдық мұраларымызды қайтадан қалпына кетіру, соны жандандыру ісіне бағытталған. Бұл өте тамаша, маңызды ұйғарым. Себебі "біз Алтын Орданың мұрагеріміз" деп құр сөйлеп қана қоймай, оны әлем халқына визуальді түрде көрсете білуіміз керек, - дейді ол. 

Сонымен қатар, ол Сарайшықты және өзге де орта ғасырлық қалаларды қалпына келтіріп, оларды халықаралық ірі туризм орталықтарына айналдыра білуіміз керектігін айтты.

Алтын Ордадан қалған ең керемет ескерткіш Жошы ханның мавзолейі бар. Қазір ешбір жерде Шыңғыс ханның ұрпақтарына қатысты осындай материалдық ескерткіш жоқтың-қасы. Сондықтан Жошы ханның мавзолейін қайта қалпына келтіріп, оны насихаттап, әлемдік туризмнің орталығына айналдыра білсек, керемет болар еді, - дейді ол. 

Оның айтуынша, Алтын Орданың 750 жылдығы аясында сол кезеңге жататын материалдық мәдениеті зерттелмек. Яғни, тек мавзолей емес, сол кездегі керуен сарайлары, сауда-экономикаға қатысты мәселелер түгел зерттеледі. Мұның барлығы жалпы көшпелілер өркениетіне деген көзқарасты жаңадан қарастыруға септігін тигізбек.

Өзгелердің жаңалығы