ALTYN OIMAQ байқауы жеңіл өнеркәсіп саласына серпін береді

9 Наурыз 2019, 13:50
2783
Бөлісу:
ALTYN OIMAQ байқауы жеңіл өнеркәсіп саласына серпін береді

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Жеңіл өнеркәсіп саласында кәсіп бастау үшін көп қаржы керек емес, өсім тұрақты және әрқашан сұраныс бар. Осыған байланысты бұл сала дамыған елдердің экономикасы үшін баспалдақ болса, ал Қазақстан секілді дамушы елдер басымдық беріп отыр. 

Бірнеше елде киім мен аяқ киім шығару мемлекеттік бюджеттің айтарлықтай үлесін қалыптастырып отыр. Сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп халықты жұмыспен қамту мәселесін де шешіп, өмір сапасын арттыруға ықпал етеді.

Германия, АҚШ, Италия, Франция секілді дамыған елдерде өнеркәсіптік өндірістегі жеңіл өнеркәсіп үлесі 6-12% құрайды. Корея мен Жапонияда бұл сала автомобиль құрастырудан кейінгі орында тұр. Бұл елдерде бюджеттің 20 пайызы тігін және тоқыма кәсіпорындары есебінен қалыптасады. Дайын киім, мата, трикотаж, аяқ киім ел ішіндегі сұраныстың 75–85% қамтиды. Қытайда өнеркәсіптік өндірістегі жеңіл өнеркәсіптің үлесі 21% құрайды. Қытай тауарлары бүгінде әлемнің барлық еліне экспортталады. Жеңіл өнеркәсіп тауарларының әлемдік саудасындағы Қытайдың үлесі – 20 %. Экспорттаудан Түркия екінші орында келеді. Бұл сала елдегі ЖІӨ-нің 10% құрайды және мемлекеттік бюджет түсімдерінің 40% қамтамасыз етеді. Көрші ел Қырғызстанның жеңіл өнеркәсібі қарқынды дамып жатыр. Бұл сала елдегі ЖІӨ-нің 10% құрап отыр және еңбекке жарамды халықтың үштен бір бөлігін жұмыспен қамтып отыр. Қырғызстанның дайын киімдері ТМД елдеріне, соның ішінде Ресей мен Қазақстанға экспортталады.

Ал Қытай, Түркия, Қырғызстанның тауарларын сатып алатын Қазақстанның ЖІӨ-дегі жеңіл өнеркәсіп үлесі 0,4 пайызға төмендеген. Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының мәліметінше, отандық өндірушілер ішкі нарық сұранысының тоқыма өнімдері – 10%, аяқ киім – 2% ғана қамтып отыр. Нарықтың қалған бөлігі – импорт тауарлары. Сарапшылар бұл саланың тұралап қалуындағы негізгі проблеманың бірі деп импорттық шикізат үлесінің жоғары болуын айтады. Қазақстандық өндірушілер мемлекет қолдауы мен қорғауын қажет етеді.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылы 11 желтоқсанда өткен «Алтын сапа» сыйлығын марапаттау рәсімінде кезекті рет жеңіл өнеркәсіп саласында импортты алмастыру бойынша белсенді жұмыстың қажет екенін айтты. 2019 жылдың 1 қаңтарындағы статистикаға сәйкес, бүгінде Қазақстанда осы салада жұмыс істейтін 992 кәсіпорын, яғни 13 – ірі, 27 – орта және 952 кіші кәсіпорын жұмыс істейді. Өңдеу өнеркәсібіндегі жеңіл өнеркәсіп саласының үлесі 0,9% тең. Қазақстанынң жеңіл өнеркәсібіндегі шығарылатын өнім құрылымының 51% – тоқыма бұйымдары, 38% – киім шығару, 11% – тері мен соған қатысты өнім шығаруды құрайды. 2018 жылы қаңтар-тамызда елімізде жеңіл өнеркәсіп өнімдерін экспорттау көлемі 108,5 млн долларды құраған. Бұл 2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 21% кем. Осы саладағы өнімдер импорты 845 млн долларды құраса, 2017 жылдың сол кезеңінен 6,2% көп.

«Біз ЕАЭО бойынша Ресей мен Қырғызстан арасында ортақ нарықты бөліп отырмыз. Мұнда кедендік шекара мен шектеулер болмаса да, бәсекелестік пен мүмкіндік бар. Өнімдерімізді экспорттау мен шығару нарығын ұлғайтуға барлық мүмкіндігіміз бар. Ол үшін өткізу нарығын кеңейтіп, өнім өндіру көрсеткішін ұлғайтуымыз керек. Өнімдері халыққа танымал компаниялар көп болмаса да олар жұмыс істеп жатыр және шетелдік баламалардан кем түспейтін әрі қолжетімді бағада сапалы тауарлар шығарады. Мысал ретінде, пальто шығаратын «Семирамида» компаниясы, кілем бұйымдарын шығаратын «Назартекстиль» және «Балтекстиль» компаниялары, үйге арналған тоқыма өнімдерін шығаратын «Азала текстиль», балалар киімін шығаратын «Мимиорики» брендін айтуға болады», - деді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова.

Бүгінде елімізде жеңіл өнеркәсіпті дамыту бірден-бір басым бағыт болып отыр. Сондай-ақ, осы салада жұмыс істейтіндердің 90 пайызы – әйелдер.

Ол Астанада 2019 жылдың 7-8 маусымында отандық кәсіпорындарды қолдау мен ынталандыру мақсатында «Қазақстан Республикасы жеңіл өнеркәсіп форум-көрмесі» салалық іс-шарасы өтетін айта кетті. Жеңіл өнеркәсіп жұмысшылары күні қарсаңында «Көрме» орталығында жаңадан бастаған дизайнерлер мен тігін өндірісі өкілдеріне ашық алаң ұйымдастырылып, олардың жаңа серіктестер табуына мүмкіндік берілмек.

Ләззат Рамазанова 4 наурыз күні елімізде дизайнерлер арасында ALTYN OIMAQ ұлттық байқауы жарияланғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, байқау үздіктерді анықтап, жас дизайнерлердің елге танылуына ықпал етеді. Жаңа брендтерге әлеуетті серіктес, бизнес-әріптес, инвестор табуға мүмкіндік бермек.

«Отандық дизайнерлердің өнімдері қымбат. Сондықтан қалың көпшілікке қолжетімсіз. Баға саясатына өзгеріс енгізу үшін дизайнерлерге масс-маркетке шығу мүмкіндігін ұсыну қажет. Осылай ғана олардың киім үлгілеріне қызығушылық пен сұраныс артады. Бұл республикалық масштабтағы жобаны ұйымдастыру жеңіл өнеркәсіп саласын әрі қарай көтеруге, отандық өнімдерді ішкі және сыртқы нарықта ілгерілету механизмдерін жетілдіруге мүмкіндік бермек», – деді Рамазанова.

«Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау қоры» ҚҚ директоры Адиля Түгел «ALTYN OIMAQ байқауы ұлттық брендтегі киім-кешектер мен әшекейлерді қалыптастыру және оларды кеңінен таныту, жаңа есімдер мен брендтерді таныстыру және қолдау, сонымен қатар қазақстандық жеңіл өнеркәсіпті дамыту және сұранысты ынталандыру мақсатында қормен бірлесе ұйымдастырылып отырғанын айтты.

«Байқау жеңіл өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында киім өндірушілері мен дизайнерлері арасында кәсіби диалог алаңын құруды көздейді», - дейді «Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау қоры» ҚҚ директоры Адиля Түгел.

ALTYN OIMAQ байқауына Қазақстанның кез-келген азаматы қатыса алады. Олар алты номинация бойынша шығармашылық жұмыстарын ұсынады:

1. «Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген іскерлік киімнің үздік дизайны»

2. «Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген спорт киімнің үздік дизайны»

3. «Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген балалар киімінің үздік дизайны»

4. «Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген үйге арналған текстильдің үздік дизайны»

5. «Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген ұлттық әшекейлердің үздік дизайны»

6. «Спорт аяқ киімінің үздік кастом-дизайны».

Байқаудың бірінші кезеңінде 4 наурыз бен 15 мамыр аралығында www.fundwomen.kz сайты арқылы өтінімдер қабылданып, комиссиямен байқау лауреаттары іріктеледі. Екінші кезеңде үміткерлер қоғамдық онлайн-дауыс беруге қатысады. Бас жүлдеге алғашқы үміткерлер маусым айында Астанада өтетін Жеңіл өнеркәсіп форумында жарияланады.Үшінші кезеңде алты лауреаттың ішінен жеңімпаз таңдалады. ALTYN OIMAQ байқауының жеңімпаздарын марапаттау 25 желтоқсанда өтеді.

Назерке Абибулла

Өзгелердің жаңалығы