Павлодар облысындағы тас жолдардың бойында 6 жедел жәрдем пункті ашылды

15 Наурыз 2019, 14:23
2211
Бөлісу:
Павлодар облысындағы тас жолдардың бойында 6 жедел жәрдем пункті ашылды
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде республикалық маңызы бар жолдардың бойында жедел жәрдем қызметінің алты пункті ашылды. Осылайша, қаладан тыс жатқан шағын ауылдар мен жолдар тиісті қызметпен 100% қамтылды.

Алтыншы бекет облыс орталығынан 50 шақырымдық жерде орналасқан Қызылжар ауылында іске қосылды. Жедел жәрдем пунктін ашуға жергілікті әкімдік пен «Қызылжар құс» фабрикасы қолғабыс жасаған. Бөлімшеге арналған екі бөлмені кәсіпорын басшылығы тегін ұсынған.

Қызылжар ауылдық округінің әкімі Жеңіс Әбікеннің айтуынша, жергілікті құс фабрикасының демеуімен жедел жәрдем станциясы коммуналдық төлемдерден де босатылды.

«Кәсіпкерлер әкімшілік ғимаратынан әрқайсысы 25 шаршы метр болатын екі бөлмені тегін ұсынды. Есесіне станцияға екі ауыл тұрғыны жұмысқа орналасты», - дейді Жеңіс Әбікен.

Облыстық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Қанадан Ахметжановтың айтуынша, басты мақсат - жол бойында болған оқыс оқиға кезінде халыққа сапалы әрі жедел медициналық көмек көрсету.

«Қазіргі уақытта бұл мақсатқа қол жеткіздік. Жол бойындағы бекет мамандары халықаралық стандарттарға сай қызмет етеді. Дәрігерде сандық жүйенің жемісін көруде. Керек-жарақтардың бәрімен қамтылған. Сонымен қатар, тиісті оқу курстарымен қамтылды. Бүгінгі күнге дейін мамандарымыз 160-тан астам азаматқа дер кезінде көмек көрсетті. Пункттердің әрқайсысы бес мыңға жуық халықты көмекпен қамтуға шақталған», - дейді Қанадан Ахметжанов.

Айта кетейік, Павлодар облысында жедел жәрдем қызметін жетілдірудің пилоттық жобасы жүзеге асырылуда. Саланы дамыту мақсатында қалалық және аудандақ бөлімшелер орталықтандырылды. Нәтижесінде пациенттерге жету уақыты 15 минуттан 8 минутқа қысқарды.

Биыл Елбасының «Нұр Отан» партиясының съезінде айтқан тапсырмаларына сәйкес облыстың денсаулық сақтау саласына 50 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл былтырғы жылға қарағанда 7,7%-ға артық. 

Өзгелердің жаңалығы