Алматының Орталық мешіті ауруханаға оттегі концентраторларын тапсырды

29 Қазан 2020, 17:00
916
Бөлісу:
Алматының Орталық мешіті ауруханаға оттегі концентраторларын тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров жаңа модульдік ауруханаға оттегі концентраторларын бергені үшін Орталық мешітке алғыс айтты. 


Бүгін Алматының Орталық мешіті қала әкімдігінің қолдауымен жақында ашылған модульді стационар - қалалық клиникалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының филиалына 14 оттегі концентраторын тапсырды. Рекордты 2 ай ішінде салынған бұл медициналық мекеме коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарға арналған.

Шараға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, қаланың бас имамы Еркінбек Шоқай және Алматы қалалық клиникалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Ержан Сералин қатысты.
 
Қаланың бас имамы Еркінбек Шоқай қайырымды азаматтардың атынан оттегі концентраторларын тапсыра отырып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен "Өмірге үміт сыйла" қайырымдылық акциясы жарияланғанын атап өтті.
 
Біз Алматы қаласының тұрғындарынан төрт миллион теңгеден астам қаражат жинадық және жақында ашылған балалар жұқпалы аурулар ауруханасының филиалына 14 оттегі концентраторын алдырдық. Бұл біздің бір екендігімізді, елдің ауызбіршілігінің, ынтымағының бір екендігін білдіретін бастамалардың бірі деп есептейміз, - деді Еркінбек Шоқай.

Өз кезегінде Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров алдыңғы шепте жүрген барлық дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне алғысын білдірді, сондай-ақ ҚМДБ Алматы филиалының мегаполистің коронавирус пандемиясымен жалпы күресіне қосқан үлесін атап өтті.


 

Өзгелердің жаңалығы