Алматының медқызметі еліміздің 17 аймағы арасында 16-орында тұр – Тоқаев

29 Қазан 2019, 16:00
2581
Бөлісу:
Алматының медқызметі еліміздің 17 аймағы арасында 16-орында тұр – Тоқаев

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Әлеуметтік сауалнама көрсеткендей Алматы тұрғындарының 63%-ы медициналық қызметтің сапасына көңілі толмайды. 

Өткен жылы ана өлімі деңгейі өскен. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңес кезінде айтты. 

"Аудиттік тексеріс жұмыстары кезінде бірінші медициналық көмек беру ұйымдарының 62%-ы ғана жабдықпен қамтамасыз етілгені белгілі болды. Қаладағы денсаулық сақтау саласында корпоративтік басқарудың төменгі деңгейі байқалады. Бұл көлеңкелі қызметке әкеледі, тіптен жемқорлық қатеріне әкеп соғады", - деді президент. 

Тоқаев Алматының денсаулық сақтау саласы еліміздің 17 аймағы арасында 16-орында тұрғанын айта келе, қала әкімінің орынбасары Ерлан Қожағапановтан жағдайды түсіндіруді сұрады.

"Расымен де қаланың Денсаулық сақтау саласы біздің жұмыстағы басым бағыттардың бірі. Біз емханалардың барлығында аудиттік тексеріс жүргізіп, олардың қажетті техникамен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргіздік. Сондай-ақ, медициналық мекемелерді жақын 3 жылда жабдықтармен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жоспарын жасадық. Оған шамамен 60 млрд теңге қажет болады. Сондай-ақ мониторинг жүргізу кезінде қалада медициналық мекемелердің жетіспейтіні белгілі болды. Алдағы уақытта қосымша емханалар салынатын болды", - деді Ерлан Қожағапанов.

Өз кезегінде қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жекешеленіп кеткен емханаларды басқарманың қоластына беру туралы кешенді жоспар жасалғанын айтып өтті.

"Емханаларды нашар күйге түсірген дәрігерлер оны қайта басқарғысы келеді. Және соған басқаруға бер деп жан-жақтан телефон қоңыраулатып жатқандар көп. Қазір біз бұл істі тоқтатып қойдық. Осы істі жүргізе алатын білікті маман табылса ғана басқаруға береміз. Егер бұрын жұмыс істеген адамдар келетін болса ештеңе өзгермейді", - деді Бақытжан Сағынтаев.

Президент бұл істі қала әкімдігімен Денсаулық сақтау министрлігіне бірігіп, тез арада шешуді тапсырды.

Бұған дейін мемлекет басшысы Алматы білім, ғылым және іскерлік орта ретінде дамып келе жатқанын, оның Орталық Азияның өңірлік хабына айналатынын айтқан болатын. 

Сонымен қатар президент "Көк-жайлауда" құрылыс жүргізуге тыйым салыпАлматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапановқа сөгіс жариялаған болатын. 

Өзгелердің жаңалығы