Алматылық жастардың соңғы мүмкіндігі. Бүгін үйге құжат қабылдау аяқталады

31 Наурыз 2021, 11:31
2548
Бөлісу:
Алматылық жастардың соңғы мүмкіндігі. Бүгін үйге құжат қабылдау аяқталады
Президенттік қолдау

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін алматылық жастардың үйге өтініш беруге соңғы мүмкіндіктері бар.

Еске сала кетсек, 10 наурызда Алматы әкімдігі мен «Отбасы Банкінің» жыл сайынғы бірлескен «Алматы жастары» бағдарламасы басталды. Тұрғын үй бағдарламасы жас мамандарға баспана алу үшін жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік береді.

«Алматы жастары» қалалық бағдарламасы аясында биыл 1000-ға жуық мұғалім, дәрігер, журналист, мәдениет қызметкері, спортшы, әлеуметтік сала қызметкері мен құқық қорғау органының жас мамандары баспаналы болады.

Айта кетсек, Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша 2017 жылы алғаш рет 35 жасқа дейінгі жас отбасыларға пәтер сатып алу үшін несие беру бойынша «Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды.

«Алматы жастары»: Кім қатыса алады?

-        Жобаға 35 жасқа дейінгі/35 жасқа толған (жұбайының/зайыбының жасына қарамастан) ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады.

-        Өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің атында соңғы 5 жылда жылжымайтын мүлік болмауы тиіс, тек жекешелендіру немесе мұрагерлік құқықпен кәмелетке толғанға дейін алынған жылжымайтын мүліктегі үлес қана ескерілмейді.

-        «Алматы жастары» қатысушыларының ресми жұмыс өтілі соңғы алты айдан кем болмауы тиіс әрі міндетті зейнетақы жарналары аударылып тұруы қажет.

-        Өзін-өзі жұмыспен қамтыған үміткерлердің кемінде жарты жыл бойы Алматы қаласында тіркелген және қызмет көрсететін жеке кәсіпкерліктің болуы міндетті.

 

Бағдарламаға жұмыс істейтін жері Алматы қаласында орналасқан төмендегі сала қызметкерлері қатыса алады:

-        Денсаулық сақтау – қалалық және республикалық мемлекеттік ұйымдардың/мекемелердің штаттық қызметкерлері;

-        Білім беру – қалалық және республикалық мемлекеттік ұйымдардың/мекемелердің штаттық қызметкерлері;

-        Мәдениет – қалалық және республикалық мемлекеттік ұйымдардың/мекемелердің штаттық қызметкерлері болып саналатын 10 шығармашылық одақ мүшелері;

-        Спорт – қалалық және республикалық мемлекеттік ұйымдардың/мекемелердің штаттық қызметкерлері

-        ЖОО мен Ғылыми-зерттеу институттары – ұлттық университеттердің, қалалық және республикалық мемлекеттік ғылыми-зерттеу институттарының штаттық қызметкерлері;

-        БАҚ – ұйымдардың/мекемелердің растау құжаттары бар штаттық қызметкерлері (еңбек өтілі мен лауазымы көрсетілген жұмыс орнынан алынған анықтама, бұқаралық ақпарат құралдарында тіркелу туралы анықтама);

-        Әлеуметтік сала – қалалық және республикалық мемлекеттік ұйымдардың/мекемелердің штаттық қызметкерлері;

-        Құқық қорғау органдары – қалалық және республикалық мемлекеттік ұйымдардың/мекемелердің штаттық қызметкерлері

Аталған қалалық тұрғын үй бағдарламасы алғаш рет 2017 жылы басталды. Өткен жылы 1000 алматылық, оның ішінде 300-ден астам білім саласының қызметкерлері өз пәтерлеріне қол жеткізді. Сонымен қатар, биылғы жылы несиенің ең жоғары мөлшері 13 миллионнан 18 миллион теңгеге дейін ұлғайды.

Бүгін соңғы мүмкіндік

Тұрғын үй бағдарламасына өтініштер 10 наурызда басталды. Енді бүгін, яғни 31 наурызда өтініштерді тапсырудың соңғы күні.

Құжаттар www.almaty-zhastary.kz сайтында қабылданады. Ол үшін қатысушыларда ЭЦҚ болуы қажет.

Тұрғын үй басқармасы өткізілген құжаттардың дұрыстығын тексеріп, қатысушыларды жинаған балдарының санына қарай бағдарламаға қатысушыларды таңдайтын болады. Ұпай саны некеге тұрған жылдарына, балаларының болуына, санаттағы үздіксіз жұмыс тәжірибесінің кезеңіне байланысты болады.

Одан бөлек, үміткер 15 жұмыс күні ішінде «Отбасы банкінде» төлем қабілеттілігін анықтап, 45 күнтізбелік күн ішінде пәтер тауып, сатып алынатын тұрғын үйге бағалау жасатып, банкке қайта хабарласуы керек. Қатысушыға сатып алу-сату шартын жасауға және банкте несие рәсімдеуге тағы 10 жұмыс күні беріледі. Пәтерді бастапқы немесе қайталама нарықтардан, сондай-ақ «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ кепілдігі бар нысандардан сатып алуға болады.

Несиені 25 жылға дейін алуға болады. Бастапқы жарна кемінде 10%-ды құрауы тиіс, несие бойынша пайыздық мөлшерлеме – жылдық 5% (ЖТСМ 5,2%). Несиенің ең жоғары сомасы 18 миллион теңге. Айта кетейік, егер мүлік 18 миллион теңгеден асса, өтініш беруші айырмашылықты өз қаражаты есебінен төлей алады.

Мәселен, құны 10 миллион теңгелік пәтерді сатып алар кезде, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің өзіндік ерекшеліктері бойынша, займ бойынша төлем алғашқы 8 жылда 83 333 теңгені, ал қалған 11 жыл ішінде азайып, 46 000 теңгеге тең болады. 

Қандай құжаттар қажет?

Берілген анықтама, құжаттардың уақыты 10 күннен асып кетпеген болуы керек.

1. Үлгі бойынша өтініш (үлгі сайтта бар);

2.     Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеудің сканерленген куәлігі (балардың туу, қайтыс болу, неке (ерлі-зайыптылықты) қию, некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу);

3.     Өтініш берушіге және барлық отбасы мүшелеріне Қазақстан Республикасы бойынша жылжымайтын мүліктің жоқ (бар) екендігі туралы анықтамасы;

4.     Белгіленген үлгідегі ұйымның/мекеменің фирмалық бланкісінде анықтаманың берілген күнін, шығыс нөмерін, жұмысқа тұрған күнін мен қызметтік лауазымын көрсетіп берілген жұмыс орнынан анықтамасы. Ресми бланкі болмаған жағдайда, анықтамада ұйымның мөрлері болуы тиіс;

5.     Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес еңбек өтілін растайтын құжаттар;

6.     БАҚ-қа есепке қою куәлігі (аталған талап журналистер саласының қатысушыларына қатысты).

7. Қосымша (болған жағдайда) Алматы қаласы Мәдениет басқармасынан растайтын анықтамалар (құжаттар) (аталған талап мәдениет саласындағы өзін-өзі жұмыспен қамтыған қатысушыларға қатысты);

«Алматы жастары» бағдарламасынан үміттімін

Осы бағдарламаға қатысып жатқан алматылық Жәудір Адырбекованың бағдарламаға қатысып жатқандығы туралы біліп, жоба жайында пікірін сұрадық.

Жәудір И.С. Жекенов атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының орталықтандырылған лабораториясында фельдшер-лаборант қызметін атқарады.

Алматылық жастардың соңғы мүмкіндігі. Бүгін үйге құжат қабылдау аяқталады

Ол «Алматы жастары» бағдарламасы арқылы қала жастарына үй беріліп жатқаны туралы әріптестерінен және әлеуметтік желілерден естіген.

Бағдарламаға қатысуға мамандығым сәйкес келеді. Бағдарламаға қатысушы жастар үшін ережесі өте қолайлы. Негізі жақсы ұйымдастырылған. Жобаға қатысу үшін жұмыс орнынан анықтама, 6 айға дейінгі айлық көрсеткішінің анықтамасы, еңбек кітапшасының электронды нұсқасы сияқты құжаттарды жинау керек. Сондай-ақ, балдық жүйе арқылы есептелетін болғандықтан, жұмыс істеген әр жылыңа да балл қосылады, - дейді алматылық.

Оның сөзінше, аса көп құжат талап етілмейді.

Карантинге байланысты құжаттарды жинауда ешқандай қиындық туындап жатқан жоқ. Қажетті құжаттың бәрін қазір онлайн жинауға болады. Оның үстіне конкурсқа өтінішті де онлайн тапсырамыз, - деп айтты Жәудір Адырбеков.

Ол үшін almaty-zhastary.kz сайтына кіру үшін.

Бұған дейін 2020 жылы наурызда аталған бағдарламаға қатысуға өтініш бердім. Өкінішке орай, өте алмадым. Өйткені ол кезде мен жекеменшік мекемеде жұмыс істеп жүрген болатынмын. Сол себепті өтпеген болуым мүмкін. Енді қазір мемлекеттік мекемеде жұмыс істеп жатқаныма 6 айдан асты. Сондықтан «Алматы жастары» бағдарламасынан үміттімін, - деп түсіндірді жас маман.

Адырбекова бұдан басқа мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қатысып көрмеген.

Ережеде көрсетілгендей 10 пайыз бастапқы жарнаны жинап үлгердім. Бірінші рет қатысқанымда өте алмаған соң, алдағы жылда да жалғасын табатынын естідім. Сол себепті бағдарламаға қатысуға алдын ала дайындалып, қажетті соманы да жинай бастадым. Енді осы бағдарламадан үмітім зор, - дейді қатысушы.

 Айта кетейік, www.almaty-zhastary.kz сайтының мәліметінше пәтерге берілген өтініштің жалпы саны 9 334-ді құрап отыр.

-        Денсаулық сақтау саласы бойынша өтініштер берілді: 2 520

-        Білім беру саласы бойынша өтініштер берілді: 3 430

-        Мәдениет саласы бойынша өтініштер берілді: 322

-        Спорт саласы бойынша өтініштер берілді: 92

-        ЖОО мен ҒЗИ оқытушылары мен ғылыми қызметкерлері саласы бойынша өтініштер берілді: 1 053

-        Әлеуметтік сала бойынша өтініш берілді: 673

-        БАҚ саласы бойынша өтініштер берілді: 165

-        Құқық қорғау органдары саласы бойынша өтініштер берілді: 1 079


Өзгелердің жаңалығы