Алматылықтар "Тіршілік" фотокөрмесін тамашалады

19 Қараша 2019, 09:17
2125
Бөлісу:
Алматылықтар "Тіршілік" фотокөрмесін тамашалады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматыдағы OzgeEpic өнер орталығында журналист, әуесқой фотограф Әйгерім Бегімбет, Сәбина Әбдімәлік, Шыңғыс Әбдіразақ, Қанат Дарханның "Тіршілік" фотокөрмесі өтті, деп жазады 7kun.kz.  

Әйгерім көрменің Қазақстандағы Internews өкілдігінің грантымен жүзеге асқан "Түркістан ауылдары" жобасы  аясында басталғанын айтады. Көрме сол жобаның қорытындысы іспеттес.

Біз Қанат екеуміз сәуір айында Internews-тен грант жеңіп алдық. 268 жобаның ішінде 10 жобаға грант бөлді. Біз бұл конкурсқа  «Түркістан тіршілігі» жобасын ұсындық. Өзім ауылда өстім, әлі күнге дейін ауылда тұрамын. Сондықтан маған ауылдың проблемалары, адамдардың өмір сүру салты, ондағы мәселелер өте жақсы таныс. Бірақ, біз бұл жобаны грант жеңіп алады деп мүлдем ойлаған жоқпыз. Сол жобаны бастар кезде, Қанаттың денсаулығы аздап сыр бере бастады. Өкінішке орай, ол Қанаттың өмірдегі соңғы күндері екен. Жетінші мамыр күні өмірден озды, — дейді фотокөрме авторы Әйгерім Бегімбет.  

Әйгерім кейін жас талантты дизайнер Шыңғыс Әбдіразақпен бірге  төрт ай жүріп, Түркістан облысында суы мен байланысы жоқ, түрлі әлеуметтік проблемалары бар ауыл өмірін, ондағы түрлі кейіпкерлерді түсірген. Алматыдағы көрмеге Сәбина Әбдімәліктің де туындыларын қосқан.

Фотокөрмеде Түркістан облысындағы елдімекендер, өмірлері ерекше кейіпкерлер, олардың тыныс-тіршілігі көрініс тапқан. Суреттер топтамасында маусым айындағы жарылыстан зардап шеккен Арыс қаласы туралы мол ақпарат алуға болады. Мұнда жарылыс кезі, қайта қалпына келтіру сәті, тұрғындардың қайта оралғанна кейінгі психологиялық портреті, өмірлерін көруге болады.

Әйгерім суреттерінде ауылдардағы өзекті проблемаларды да көтереді. Мысалы: "Чемпионы көп, спорт мектебі жоқ ауыл" репортажына Ордабасы ауданы, Ұялыжар ауылында 28 мың теңге айлық алса да,  жастарды спортқа баулып жүрген Азия чемпионы туралы баяндайды.

"Қамыс-табыс көзі. Орақ ұстаған отбасының тұрмысы қалай түзелді?"  тақырыбындағы суреттерінде Қызылшаруа ауылының тұрғыны Перизат Ысқақова тұрмыс-тіршілігі баяндалады.

Әйгерім осы кейіпкерлерінің өмірін енді видео арқылы жұртшылыққа жеткізгісі келеді.

Фотокөрме бұған дейін 28 қыркүйек күні Шыменкеттегі City Gallery-де  он күн бойы өткен. Фотокөрме өмірден ерте озған дарынды фотограф Қанат Дарханға арналды.

Алматыдағы OzgeEpic заманауи өнер кеңістігінде кеше ашылған фотокөрме екі күн бойы жалғасты.

Кәсіби фотографтардың айтуынша фотокөрмедегі суреттерде әлемдік трендтер байқалады.

Өзім әлемдік фотографтардың суреттерін жиі қараймын. Осыдан бес, он жыл бұрын көп фотографтар табиғат түсіретін. Қазір фотографияның бағыты-репортажға қарай жылжыды. Оның ішінде де, австракты ойлар беретін, психологиялық жанрларға қарай ойысқан. Бірақ, ондай суреттерді өзім де қатты түсіне бермеймін. Суреттерді адамдардың көлеңкесімен ғана көрсету, ақ пен қара түстерді ғана пайдалану сияқты бағыттар байқалады. Болашақта бізде де сондай суреттер шыға бастайды деп ойлаймын. Мына, көрмедегі суреттер де соның бастауы, — дейді белгілі фотограф Сәрсенбек Қызайбекұлы.

Айта кетейік, Алматыдағы фотокөрме OzgeEpic заманауи өнер кеңістігі, Мақпал Жұмабайдың қолдауымен жүзеге асқан.

Өзгелердің жаңалығы