Оқушы банк клиенттеріне қолайлы мобильдік қосымша әзірлеп шығарды

5 Желтоқсан 2019, 19:48
12536
Бөлісу:
Оқушы банк клиенттеріне қолайлы мобильдік қосымша әзірлеп шығарды

Алматы, BAQ.KZ. Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 "М" сынып оқушысы Любовь Дудченко "Baiterek hackathon - 2019" инновациялық жобалардың республикалық байқауында "Үздік IT-жоба" номинациясы бойынша бірінші орынды жеңіп алды. 

Өз жобасын жүзеге асыру үшін оқушыға ұйымдастырушылар тарапынан 1 000 000 теңгелік сертификат берілді.

Хакатонға қатысуға 550-ден астам өтінім келіп түссе, оның 200-ден астамы ғана іріктеуден өткен. Республикалық байқаудың финалы 29 қараша мен 1 желтоқсан аралығында "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" ұйымдастыруымен, "Бәйтерек" Ұлттық басқарушы холдингі мен QazTech Ventures компаниясының қолдауымен Алматы қаласында өтті. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқаудың басты мақсаты – жоба әзірлеушілер мен бизнес-инвесторлар арасындағы алшақтықты жою. Олар хакатон қатысушыларына банк клиенттерінің үйден шықпай-ақ, қызметті онлайн алуының бағдарламалық жасақтамасын ойлап табуды ұсынды. Қатысушылардың ұсынған шешімдері тиімді, қарапайым жолмен жүзеге асатын және клиенттер үшін түсінікті болуы тиіс деген талап қойылған. 

Любовь Дудченко жоба бойынша серіктестері Ильяс Ахметов және Есентай Құрманбаевпен бірге "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" компаниясы үшін салымшы бонустарын жинап, өзінің виртуалды үйін құрастыра алатын мобильді қосымша әзірлеп шығарған.
Бұл банк клиенттерінің салымдарының қарқындылығын арттыруға көмектеседі. Сонымен қатар, бұл қосымшада жеке куәлікті сканерлеудің арнайы функциясы бар. Оның көмегімен банктегі кезектерді қысқартуға болады, себебі сауалнамаларды толтыру және клиенттердің мәліметтерін деректер базасына жіберу автоматты түрде жүргізіледі, - дейді Любовь

Өзгелердің жаңалығы