Алматыдағы құрылыс алаңдарында 1 мыңнан астам ереже бұзу дерегі анықталды

19 Мамыр 2021, 16:37
1317
Бөлісу:
Алматыдағы құрылыс алаңдарында 1 мыңнан астам ереже бұзу дерегі анықталды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласының құрылысын бақылау басқарма басшысының орынбасары Олжас Төлебаев онлайн брифингте айтты.

Оның айтуынша, қалада қазір 664 құрылыс нысаны бар, оның 202-сі бюджеттік, қалған 462-сі коммерциялық нысан.

Құрылыс және жер нормаларының сақталуын бақылау кезінде 1 112 ереже бұзу жағдайы анықталды. Оның 208-і құрылыс монтаж жұмысына қатысты, өндірістік жұмыс бойынша – 854, заңсыз құрылыстың – 50 жағдайы анықталды. Оларға қатысты 207,8 млн теңге көлемінде 1078 хаттама толтырылды, ал ескертпені түземегендердің материалы сотқа жіберілді, - деді Төлебаев.

Құрылыстың сапасына қатысты ереже бұзушылықтың дені - бюджеттік нысандарға тиесілі екен. Оған қоса коммерциялық құрылыс нысандарында да өндірістік ереже бұзушылық анықталған. Олар құрылыс алаңында қоршау мен жаяу жүргінші жолының болмауы және құрылыс материалдарын қоятын қойманың жасақталмауы.

Лицензиядан кейінгі бақылау жұмысының қорытындысы бойынша 246 мемлекеттік құрылыс лицензиясы тоқтатылды, олар қайта қалпына келтірілмейді. Құрылыс алаңдарында бақылауды дұрыс жүргізбегені үшін 54 техникалық қадағалау ұйымы жазаға тартылды, 21-нің сарапшы аттестаты тоқтатылды, - деді Олжас Төлебаев.

Өзгелердің жаңалығы