Алматыдағы кәсіпорын ұжымдарына вакцина алу қажеттілігі түсіндірілді

18 Қазан 2021, 18:40
22152
Бөлісу:
Алматыдағы кәсіпорын ұжымдарына вакцина алу қажеттілігі түсіндірілді

Алматы, BAQ.KZ. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі қалалық жедел штабтың отырысы өтті.

Осы жылдың 7 қыркүйегінде ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі Ведомствоаралық комиссия вакциналау бойынша рейдтер алгоритмін бекіткен.

Алматының мониторингтік топтары 10 қыркүйектен бастап 302 бизнес нысаны мен мегаполистің жоғары оқу орындарын тексерді. Бұларда 65 536 қызметкер бар, олардың 55 618-і (84,8%) вакцина алған, 4 439-ы (6,8%) екпе алмаған, ауырып жазылғандар немесе медициналық қарсы көрсетілімдері барлар – 5 479 (8,4%).

Барлық кәсіпорындарда коронавирусқа қарсы вакцина алудың қажеттілігі мен маңызы туралы әңгімелер жүргізілді, өйткені вакцина алмаған қызметкерлердің басым бөлігі ұжымда дерттің кезекті ушығуына әкелуі мүмкін.

11-17 қазан аралығындағы мониторингтік топтар 35 кәсіпорынды тексеріп, 12 541 адамды қамтыды. Олардың ішінде 9 987 адам вакцина алған, 1 240-ы екпе алмаған, 1 314 адамның медициналық қарсы көрсетілімдері болған.

Тексерушілер мониторинг барысында медициналық қарсы көрсетілімдері бар қызметкерлер арасында бекітілген 026-У формасының сәйкессіздігіне байланысты бірқатар ереже бұзушылықтар анықталғанын атап өтті, сондықтан медициналық анықтамалардың дұрыстығын тексеру үшін шаралар қабылданатын болды. Оның үстіне, Алматыда бірқатар сауда-ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлері қызметкерлерінің Ashyq-тың «көк» мәртебесі бойынша жұмыс істейтіні, олардың әлі күнге дейін «жасыл» мәртебені алмағаны анықталды.

Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының Алматы филиалы ұсынған вакцина алу Картасының негізінде қызметкерлер саны 50 адамнан асатын және вакциналанған қызметкерлердің саны 60%-дан төмен кәсіпорындарда вакциналау жоспары жасалды.

Еске салсақ, 17 қазаннан бастап Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы күшіне енді, оған сәйкес вакциналанған, вакциналанбаса да (жеті күнде бір рет) ПТР-тестісі және тұрақты медициналық қарсы көрсетілімі жөнінде анықтамасы бар немесе үш ай ішінде КВИ-мен ауырған қызметкерлерге жұмыс істеуге рұқсат етіледі.

Алматы Кәсіпкерлер палатасының директоры А. Қошмамбетов хабарлағандай, «Атамекен» КВИ пандемиясымен күресудің жалғыз құралы ретінде халықты жаппай вакцинациялау қажеттілігін қолдайды. Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа бұйрығын талқылау кезінде «Атамекен» сараптамалық қорытындыда өз ұстанымын білдірді. Жалпы, Кәсіпкерлер Палатасы кәсіпорын басшыларынан ұжымдарды вакциналауға барынша көмек көрсетуді және жағдай жасауды сұрайды.

Бұдан өзге, ағымдағы жылдың 28 шілдесінен бастап жолаушылар мен қоғамдық көлік жүргізушілерін тексеру жалғасуда. Тексерудің барлық кезеңінде 1 618 автобус пен троллейбусқа мониторинг жүргізілді, оның ішінде өткен аптада – 283 көлік бірлігі.

Қоғамдық көлікте бетперде режимін сақтамағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабының 1-бөлігіне сәйкес 224 жеке тұлғаға және бір заңды тұлғаға әкімшілік хаттамалар толтырылды. Оның ішінде өткен аптада 11 жолаушы жауапкершілікке тартылды.

Қоғамдық көлікте бетперде тағу инфекция қаупін азайтатыны белгілі. Инфекцияны азайту үшін түнгі уақытта қоғамдық көлік салондарын дезинфекциялау ұйымдастырылды.

Дерттің төмендеуіне қарамастан эпидемиологиялық ахуал бұрынғыдай күрделі болып қалуда. Күн сайын қалада 300-ден астам КВИ жұқтырғандар анықталады, инфекциялық стационарларда 1 368 адам, оның ішінде 28 бала бар.

Сондықтан мамандар Алматы тұрғындары мен қонақтарын әлеуметтік қашықтық пен бетперде тағу ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Айта кетерлігі, дерттің өсуін тоқтатудың жалғыз әрі тиімді әдісі – вакциналану арқылы ұжымдық иммунитетті қалыптастыру.

Өзгелердің жаңалығы