Бас жаңалықтар
Алматыда ЖОО-ның академиялық және басқару дербестігін кеңейту мәселесі қаралды
26 Сәуiр 2019, 12:55 638

Алматыда ЖОО-ның академиялық және басқару дербестігін кеңейту мәселесі қаралды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Еліміздегі Ұлттық статусқа ие университеттегі кафедра меңгерушілері 150 мың теңге жалақы алып жатыр. ЖОО-да оқытушылардың жалақысына қатысты саясатты қайта қарауы керек. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпова Алматыда өткен Nur Otan партиясы сайлау бағдарламасының “Білім” бағыты бойынша комиссия отырысында айтты. 

Күн тәртібінде Назарбаев Университетінің тәжірибесін ескере отырып, жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту, сондай-ақ жеке жоғары оқу орындарын халықаралық стандарттарға сәйкес, коммерциялық емес ұйымдарға айналдыру мәселелері талқыланды.



Сонымен қатар, Назарбаев Университетінің тәжірибесі бойынша жаңа өңірлік ЖОО құру мәселелері қаралды.

Фатима Жақыпованың айтуынша, өткен жылы жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту жөнінде Заң қабылданған. 

“Бұл заңның мақсаты оқу орындардың өздігінен ақша тауып, бір орында тұрмай алға қарай дамуын қамтамасыз ету болатын. Яғни, осы заң аясында ЖОО-ларды коммерциялық емес ұйымға айналдыру қарастырылған. Бүгінгі таңда еліміздегі 5 университет осы жолға көшті. Тағы 27 оқу орны осы бағытта жұмыс істеп жатыр”, - деді вице-министр. 



Сонымен қатар ол, еліміздегі Ұлттық университет статусына ие оқу орындарындағы оқытушылар жалақысының төмендігіне тоқталып өтті. 

“Жетекші университеттің бірінде кафедра меңгерушісі 150 мың теңге жалақы алады. Бұл дұрыс емес, басшылық оқытушылардың жалақысы саясатын қайта қарастырғаны жөн. Әйтпесе елімізде кафедра меңгерушілерінің жалақысы орта есеппен 200 мың теңге деп көрсетілген. Университет беделінің артуы мен қызметкерлердің жақсы жалақы алуына басшылық аянбай еңбек ету керек. Қабылданған жаңа заң соған жағдай жасап отыр”, - деді Фатима Жақыпова. 

Отырысқа ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Әбдіманап Бектұрғанов, Жамиля Нұрманбетова, Нұрлан Дулатбеков, Бақытгүл Хаменова, Алматы қаласы мен Алматы облысының ұлттық және жеке жоғары оқу орындарының ректорлары қатысты.



Жоғары оқу орындарына академиялық дербестік беру мәселелері 2015 жылдың мамыр айында Елбасының Бес институционалды реформасын жүзеге асыру бойынша "Ұлт жоспары - 100 нақты" қадам аясында айтылды.

2018 жылдың 4 шілдесінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жоғары оқу орындарының академиялық және басқарушылық дербестігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданды. Оған сәйкес жоғары оқу орындарына студенттерді қабылдау мәселелерін анықтау, профессорлық-оқытушылық құрам мен білім алушылар контингенті арасындағы қатынасты белгілеу, білім беру бағдарламаларының құрылымы мен мазмұнын, оқу жоспарлары мен пәндердің оқу бағдарламаларын анықтау бойынша құзыреттер қарастырылған.

Нәтижесінде барлық жоғары оқу орындарының академиялық дербестігі бакалавриатта 80%-ға дейін, магистратурада 85%-ға дейін, докторантурада 90%-ға дейін кеңейтілді. Азаматтық ЖОО-ның 49%-да (114 ЖОО-ның 56-ы) Назарбаев Университетінің тәжірибесі көрсетіледі (2018 ж. жоспары - 40%). Сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігі мемлекеттік жоғары оқу орындарын коммерциялық емес білім беру ұйымдарына ауыстыру бойынша жұмыс жүргізуде.


Фото: автордан
Загрузка...