Әдейі жолдың қарсы бетімен жүрген көлік жүргізуші қамауға алынды

28 Сәуір 2021, 10:15
2878
Бөлісу:
Әдейі жолдың қарсы бетімен жүрген көлік жүргізуші қамауға алынды
VIDEO

Алматы, BAQ.KZ. Алматыда қарсы жолаққа шыққан жүргізушіге 155 мың теңге айыппұл салынып, бес тәулікке қамауға алынды. Бұл туралы Алматы ПД-ті хабарлады.

Бұған дейін әлеуметтік желіде бір көліктің жолдың қарсы бетімен әдейі жүрген видеосы тараған. Кадрдан жүргізушінің қасақана жолдың қарсы бетімен жүріп, жол ережесін бұзғанын көруге болады. Сондай-ақ жүргізуші өзінің ерсі қылығын масаттанғандай жолдағы әрекетін видеоға түсіріп отырған. 

Полицияның мәліметінше, ұсталған азамат 1997 жылы туған, Алматы облысының тұрғыны.

Құқық бұзушының жолаушысы түсірген кадрларда барлығы анық көрсетілген. Әрине, жолда мұндай іс-әрекетке жол берілмейді. Қарбалас көше бойымен қарсы жолаққа шығумен қатар, белгілі болғандай, ер адам бағдаршамның тыйым салынған дабылына өтіп кеткен, сақтандыру полисі жоқ, автокөліктің әйнектері қараңғыланған, апаттық жағдай туғызып, тіркеуден шешілген көлік құралын басқарған. Сонымен қатар, жүргізушінің әрекеті ұсақ бұзақылық ретінде қарастырылады. Алматы қаласының МАӘС шешімімен құқық бұзушы бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Айыппұлдың жалпы сомасы 155 мың теңгені құрайтын 11 әкімшілік хаттама шығарылды, – дейді Алматы қалалық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Манап Саттаров.
Өзгелердің жаңалығы