Алматыда «Жас түлек-2019» фестивалі өтті

18 Маусым 2019, 20:33
3283
Бөлісу:
Алматыда «Жас түлек-2019» фестивалі өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы әкімі Бауыржан Байбек жыл сайынғы «Жас түлек-2019» фестивалі барысында мектеп бітіруші түлектерді аттестат алуларымен және «Алтын белгі» иелерін құттықтады. Биылғы жылы орта мектепті 8250 түлек бітірді, олардың ішінде «Алтын белгі» алғандар – 478 оқушы.

«Сендердің білімге деген құштарлықтарың, табанды әрі ерен еңбектерің жоғары марапат – «Алтын белгімен» бағалануда. Араларыңда оқушылардың республикалық, халықаралық олимпиадаларының, шығармашылық және зияткерлік конкурстардың, спорт жарыстарының жеңімпаздары бар. Сендер тәуелсіз Қазақстанда туылған біздің болашағымызсыңдар. Барлық мұғалімдерді, әрине ата-аналарыңды құттықтаймын әрі оларға алғыс айтамын. Балаларының биік межелерден көрінулері үшін олар аянбай тер төкті және қаншама түндерді ұйқысыз өткізді. Балаларының жетістіктері олардың махаббатына, төзімділігі мен қамқорлығына берілген марапат болсын», - деді жиналғандар алдында Бауыржан Байбек.

Жыл сайынғы мектеп фестивалі кезінде түлектерді сахнадан көптеген халықаралық музыкалық байқаулардың жеңімпаздары Ержан Максим, Данэлия Тулешова және Жан Макин құттықтады.

Алматыда «Жас түлек-2019» фестивалі өтті

Айта кетерлігі, Алматыда соңғы 5 жыл ішінде білім саласын қаржыландыру екі есе өсті. Қаланың барлық мектептері физика, химия, биология және лингафонды-мультмедия кабинеттерімен 100 пайыз жабдықталған. 78 мемлекеттік білім нысаны сейсмикалық жағынан күшейтілді.

Қалада соңғы үш жыл ішінде 3 мың орынды үш жаңа мектеп ашылды, оның екеуі жеке инвестицияны тарту есебінен МЖӘ аясында салынды. 6 мектеп жанынан 4 мың орынды қосалқы нысан пайдалануға берілді. Биыл күзде Алатау ауданында 600 орынды тағы бір жаңа мектеп ашылады. Екі мектеп жанынан 1300 орынды қосалқы нысандар бой көтереді. Елбасының тапсырмасы бойынша Алматыда 7900 орынды тағы 8 жаңа мектептер салынады.

Өзгелердің жаңалығы