Бас жаңалықтар
Алматыда жас босанған әйел қаза болды
23 Шілде 2019, 16:24 789

Алматыда жас босанған әйел қаза болды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласындағы перзентханалардың бірінде кесарь тілігі арқылы босанған әйел қаза болды. 

Қайғылы оқиға 17 шілдеде Алматы қаласындағы №1 перзентханада болған. Келіншектің артында үш баласы қалды. Қаза болған әйелдің әпкесі Instagram-дағы парақшасында перзентханадағы жағдайды баяндап, дәрігерлердің салғырттығын айыптады.

«17 шілдеде таңғы сағат 3.00-де дәрігерлер кесарь тілігін жасады, сәби дүниеге келді. Операциядан кейін есін әрең жиған сіңлім өзін нашар сезініп тұрғанын айтты. Біраз уақыттан кейін ішінен қан кете бастады, бірақ оны тек сағат кешкі 17:00-де операцияға алып кетті. Солайша сіңлім қайтыс болды. Жаңа туған сәби мен одан үлкен екі баланың анасыз жетім қалғаны өте қиын болды», - деп жазды марқұмның әпкесі.

Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бұл оқиғаға қатысты тексеру комиссиясы құрылғанын және бірнеше дәрігердің жұмыстан шеттетілгенін айтты.

«2019 жылдың 16 шілдесінде Алматы қалалық перзентханаға жүктіліктің 36 аптасындағы әйел іштің төменгі жағының ауру шағымымен келген. Науқас тез арада  реанимация және интенсивті терапия бөліміне жатқызылып, медицина қызметкерлерімен толықтай клинико-зертханалық тексеріс жүргізілді. Терапевт, көз дәрігері, невропатолог сияқты мамандардың кеңесі берілді. Өкінішке қарай, науқасты аман алып қалу мүмкін болмады. Ол өткен жылы да кесер тілігімен босанған. Қазіргі күні науқастың өліміне қатысты кешенді комиссия құрылды. Оның құрамына Республикалық ұйымдардың, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тауар мен қызметтің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау комитеті өкілдері кірген. Қазіргі кезде науқасқа медициналық көмек көрсеткен барлық қызметкер қызметінен және емдеу жұмысынан шеттетілді», - дейді Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасындағылар.


Фото: ашық дереккөз

Сізден жаңалық