Алматыда жағдайы төмен отбасылардың үйіне өрттің алдын алатын құрылғы орнатылуда

16 Қыркүйек 2020, 16:56
1811
Бөлісу:
Алматыда жағдайы төмен отбасылардың үйіне өрттің алдын алатын құрылғы орнатылуда

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Арман Байгелов онлайн брифинг барысында айтты.

Оның айтуынша, жыл басынан бері Алматы тұрғын үйлерінде 224 өрт тіркелген. 2019 жылғы кезеңмен салыстырғанда бұл 8,6%-ға төмен. Алайда өрттен зардап шеккен адамдар саны көбейіп, 17-ге жеткен, былтыр бұл көрсеткіш 14 адамды құраған. 
2019-2020 жылғы жылыту маусымында тұрғын үй секторында өрттен 10 адам көз жұмды және өрт тұтанбай, улы газдан 28 адам зардап шеккен. Қайғылы оқиғаларға жасалған сараптама нәтижесі 75 пайыз жағдайда адамдар уланудан зардап шегетіні анықталды. Улы газ пештер мен жылу құралдарын дұрыс пайдаланбаудан болады. 2020-2021 жылғы жылыту кезеңінде өрт пен адамдардың жарақаттануын азайту мақсатында ТЖД алдын алу шараларын жүргізуде, - дейді ол. 
Жылыту маусымында төтенше жағдайларды болдырмау мақсатында Алматы қаласының Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті алдын алу шараларын жүргізуде. Өртке қарсы алдын алу көмегіне мұқтаж әлеуметтік жағынан осал топқа жататын 945 үй жеке топқа бөлінген. 
Бүгінгі таңда департамент Жергілікті полиция қызметі және әкімдік қызметкерлерімен бірлесіп әлеуметтік осал топқа жататын 945 үйді тексерді. Жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен улы газды анықтайтын 40 датчик сатып алынып, орнатылды. Датчиктар әлеуметтік осал және жағдайы төмен топтағы азаматтардың үйлеріне орнатылуда, - дейді Арман Байгелов.
Қалада 3 жылда 1181 датчик орнатылған. Тұрмыс жағдайында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау туралы 3722 жадынама таратылған, оған қоса бұрын орнатылған датчиктердің жұмысқа жарамдылығы мен  техникалық қызмет көрсетуі тексерілген.




Өзгелердің жаңалығы