Бас жаңалықтар
Алматыда «Қуыршақтар шақырады – 2019» фестивалі өтеді
13 Наурыз 2019, 10:17 813

Алматыда «Қуыршақтар шақырады – 2019» фестивалі өтеді

Алматы, BAQ.KZ. 21 наурыз – Халықаралық қуыршақтар театры күніне орай наурыздың 18-21 күндері аралығында Алматыда «Қуыршақтар шақырады – 2019» атты ІІ театрішілік фестиваль өтеді. 

«Фестивальдің басты мақсаты – театр репертуарындағы 2018-2019 жылдар аралығында саxнаға жол тартқан қойылымдарды саралай отырып, қуыршақ өнерінің қоғамға әсер-ықпалын арттырып, дәстүрлі ұлттық қуыршақтарымызды жаңғырта түсу арқылы жас ұрпақты ізгілік идеяларына тәрбиелеу. Қуыршақ театры өнерінің дамуы жолында көркемдік-эстетикалық ізденіс көкжиегін кеңейту», - дейді театрдың БАҚ жөніндегі менеджері Айжан Есенгелді.

Фестиваль аясында кәсіби сарапшылар мен көрермендер назарына театр репертуарынан 5 қойылым ұсынылып, спектакль соңында талдау жасалынады. Шараға қазылық етуге Ресей және Түркия елдері мен Астана қаласынан арнайы сарапшылар шақырылған. Олардың қатарында: Ешмұратова Құралай Халекетқызы – режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Астана қалалық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі (Қазақстан Республикасы, Астана), Смирнов Кирилл Эдуардович – «Поколение» театрының қуыршақ жүргізу маманы, (Ресей Федерациясы, Санкт-Петербург), Марина Юдже – режиссер, «Tempo» қуыршақ театрының директоры және театрдың көрерменмен байланыс жөніндегі жетекшісі (Түркия, Анкара) бар.

«Сондай-ақ, фестивальдің ашылу салтанаты аясында – «Asia Doll» Қазақстан қуыршақ жасау шеберлерінің шығармашылық одағы дизайнерлік қуыршақтар мен Teddy аюларынан көрме ұйымдастырмақ. Биылғы жылы аталмыш көрмеге Алматы, Өскемен, Көкшетау, Тараз, Теміртау, Астана, Семей, Алтай, Бішкек, Нижний Новгород, Санкт-Петербург, Калининград, Барнаул қалаларынан ең таңдаулы деген 25 шебердің түрлі техникаларда: полимерлі балшық, тоқыма, киіз қуыршақтарынан жасалған жұмыстары көрермен назарына ұсынылады. Өнер туындыларының қатарын Teddy аюлары, дизайнерлік әшекейлер, ойыншықтар және кәде сыйлар толықтырмақ», - делінген хабарламда.     

Фестивалге қатысқан қойылымдар мен театр артистері: «Үздік қойылым», «Үздік актер», «Үздік актриса», «Үздік қуыршақ жүргізушісі», «Үздік қуыршақ дауысы», «Үміт», «Үздік эпизод», «Үздік қуыршақ жасау шебері» сынды аталымдар бойынша марапатталады.

Сізден жаңалық