Алматыда университеттердің жаһандық саммиті басталды

17 Қыркүйек 2019, 20:16
1658
Бөлісу:
Алматыда университеттердің жаһандық саммиті басталды

Алматы, BAQ.KZ.  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде отандық жоғары білімнің бәсекеге қабілеттілігін және білім беру қызметтерінің экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған әлемдік маңызы бар ауқымды іс-шаралар басталды. 

Бұл туралы аталған оқу орынның баспасөз қызметі хабарлады. 

Университеттердің жаһандық саммиті аясында жоғары деңгейдегі бірқатар маңызды іс-шаралар өткізілуде:
- ҚазҰУ-дың дүниежүзі бойынша мойындалған және беделді халықаралық QS рейтинг агенттігімен бірлесіп ұйымдастырған QS World Wide «Адами мұра және жоғары технологиялар үйлесімі негізінде жетілу» тақырыбындағы әлемдік конференция мен көрме;
- Әлемнің 130-дан астам жоғары оқу орнын біріктіретін Жібек жолы университеттері Альянсы (SUN) Бас Ассамблеясының отырысы; 
- Түрлі континенттердегі жетекші жоғары оқу орындары кіретін Work shop әлеуметтік жауапкершілігі бар университеттердің (USRN) дүниежүзілік желісі;
- «G-Global» бастамасын қолдаудағы «2030 - тұрақты даму мақсаттарын іске асырудағы жастардың рөлі» жаһандық конгресі. 

«Әлемдік тәжірибеде алғаш рет бір ғана университет базасында қатысушылардың беделді құрамымен бір мезгілде бірнеше ірі халықаралық іс-шаралар өткізілуде. Оған академиялық ортаның 800-ден астам көшбасшы өкілдері - университеттердің ректорлары, 50-ден астам елдің ғалымдары мен сарапшылары қатысуда. Олар: БҰҰ, ЮНЕСКО және басқа да халықаралық ұйымдардың өкілдері, Microsoft, ВВС, Elsevier, Springer Nature, YODAK, AKSON сияқты әлемге белгілі компаниялар; QS «World University Rankings» халықаралық рейтингінің топ-800 кіретін университеттердің басшылары; SUN, USRN, IREG Observatory ұйымдары мен университеттерін саралау бойынша халықаралық қауымдастықтың мүшелері; ENAEE инженерлік білім беру саласындағы аккредиттеу бойынша Еуропалық желінің сарапшылары», - делінген хабарламада.

Олар білім, ғылым, озық технологиялар мен рухани құндылықтарды интеграциялау аясында университеттердің болашақ дамуының жаңа моделін талқылауға және әзірлеуге қатысады. Ұйымдастырушылар бір алаңда бірлесіп іс-шараларды өткізу арқылы университеттердің адам капиталын қалыптастырудағы рөлін арттыруға және жаһандық мәселелерді шешуде синергетикалық әсер ететініне сенімді.  

Әлемдік ауқымдағы іс-шараларды өткізу елдің жоғары білімінің серпінді дамуына, осы маңызды салаға инвестициялар тартуға, отандық білім берудің экспорттық әлеуетін арттыруға, Қазақстанның танылуына және оны Орталық Азия білім беру хабына айналдыруға ықпал ететін болады.

Шараның салтанатты ашылуы және делегация басшылары мен халықаралық ұйым өкілдерінің пленарлық отырысы 19 қыркүйекте ҚазҰУ-дың Ғылыми кітапханасында өтеді. Халықаралық шара үш күнге созылады. Бағдарламада өте мазмұнды - пленарлық отырыстар, панельдік пікірталастар, іскерлік кездесулер және ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою, әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының жетістіктері көрмесі өтеді.

Өзгелердің жаңалығы