Алматыда «Ұлы дала таңы» фильмінің премьерасы өтті

12 Мамыр 2022, 09:21
4220
Бөлісу:
Алматыда «Ұлы дала таңы» фильмінің премьерасы өтті
PHOTO VIDEO
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда «Қазақфильм» киностудиясы түсірген Ақан Сатаев түсірген «Ұлы дала таңы» атты тарихи экшн-драмасының таныстырылымы өтті. 

Тарихи кинотуындыда Жәнібек ханның ұлы – Қасым ханның мемлекет құрылымын нығайтудағы  және  елдік жолында атқарған істері баяндалады. Дәл осы жылдары Қазақ хандығы өркендеп қана қоймай, Шығыс Дешті-Қыпшақтың кең аумағына бақылау орнатып, қазақтар дербес этникалық қауымдастық ретінде кеңінен таныла бастады. Қасым хан әдет-ғұрыптық заңдарға арқа сүйеп, тарихқа «Қасым ханның қасқа жолы» деген атпен енген өзі дайындап шыққан заңнамалық құжаттың көмегімен ел басқарды. 

Алматыда «Ұлы дала таңы» фильмінің премьерасы өтті

Фильмнің сценарийін кинодраматург Бекболат Шекеров, Назира Бақаева және Ақан Сатаев жазған. Түсіру жұмыстары 2021 жылы ақпанда Алматы облысы Панфилов ауданында басталған. Кейін түсіру тобы өз жұмысын Жаркент қаласы мен Кеген ауылы маңында жалғастырған. 

Тарихи туындының режиссері Ақан Сатаевтың айтуынша, фильмнің түсірілім жұмысына 2 500-ге жуық шығармашылық адамы қатысқан.  

Алматыда «Ұлы дала таңы» фильмінің премьерасы өтті

Төл тарихымызды тірілтіп, құрметтеп, экранға шығарып жатқанымыз бүгініміз бен болашағымызға мән беріп жатқанымыз деп санаймын. Бір жыл бойы түсірген еңбегімізге халық бағасын бере жатар. Өте қысқа мерзімде түсіргендіктен киноның монтажын түсірілім алаңында бастап кеттік. Одан бөлек ғылыми жұмыспен де айналыстық. Өйткені тарихи деректердің барлығын тарихшылармен кеңесе отырып, қамтуға тырыстық, - дейді Ақан Сатаев. 

Фильмнің кеңесшісі болған тарихшы Берекет Кәрібаев кинодағы басты екі кейіпкер - Бұрындық пен Қасым хан жайлы диссертация қорғағанын айтады. 

Алматыда «Ұлы дала таңы» фильмінің премьерасы өтті

Бұл екі хан 1992 жылы бекітілген менің кандидаттық диссертациямның тақырыбы. Ал, олардың әкелері Керей мен Жәнібек хандар менің докторлық дисертациямның тақырыбы болған. Әрине, мұндай тақырыпқа ақымақ немесе ұлтшыл барады деп жатады. Тәуелсіздік алғанда көкірегімізде «бізге дейін жазылмаған тарихты жазамыз немесе нардан құлаймыз» дегендей күш-жігер болды. Соның нәтижесінде 1996 жылы «Қазақ хандығының күшеюі» деген тақырыпта дисертация қорғадым. Ал, 2010 жылы «Қазақ хандығының құрылу тарихы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғадым. Мына фильмдегі әрбір эпизод, әрбір тарихи оқиға фильмнің сценарийін жазған Бекболат Шекеровпен ақылдаса отыра жазылды. «Бұл өнер ғой» дейді ол, ал мен «жоқ, ол тарих» деймін. Соның нәтижесінде осындай кинотуынды шықты. Бағасын көрермен бере жатар, - дейді тарихшы.  

Алматыда «Ұлы дала таңы» фильмінің премьерасы өтті

Бұрындық ханның жас кезін сомдаған актер Айдос Әбдіқадыров бұл оның дебюттік фильмі екенін айтты. 

«Ұлы дала таңы» фильмін түсіру барысында біз тарихты сонау Қазақ хандығының басынан бастап оқып, зерттедік. Арасында сценарийді Тұңғышбай Жаманқұлов, Ерік Жолжақсынов сияқты актерлермен кеңесе отырып, тәржімалап, редакциялап отырдық. Бұл фильм арқылы үлкен тарихи оқиғаға көз жеткізуге болады. Қасым хан жаратылысынан кемеңгер, стратег болғанын көрсетуге тырыстық. Осы Қасым ханның тұсында қазақ халқы 1 млн-ға жеткен екен, одан бөлек Ресей, Қытай, Батыс елдеріне де елші жіберіп, дипломатиялық қарым-қатынас арқылы Қазақ мемлекеттілігін мойындатқан. Осы тарихи сәт маған ерекше әсер етіп, көкейімде сақталып қалды, - дейді актер. 

Алматыда «Ұлы дала таңы» фильмінің премьерасы өтті

Фильмде басты рөлдерден келесідей танымал актерлерді көре аласыздар: Берік Айтжанов – Қасым ханның ересек кезі, Данияр Оразаев – жас Қасым, Айдос Әбдіқадыров – жас Бұрындық хан, Ерік Жолжақсынов – ересек Бұрындық, Нұрлан Әлімжан – Мұхаммед Шайбани, Алтынай Нөгербек – жас Жахан Бегім, Шамшагүл Меңдиярова – қарт Жахан Бегім, Тұңғышбай Жаманқұлов – ересек Әли Рашид, Қуаныш Құдайберген – жас Әли Рашид және тағы басқалары.  

Сондай-ақ түсірілім жұмысына Nomad Stunts каскадерлер тобы арнайы тартылған. Ал, картинаның музыкасын белгілі композитор Ренат Гайсин мен Никита Карев жазыпты. 

Аталған кино туынды бүгіннен бастап, яғни 12 мамырдан еліміздің барлық кинотеатрларынан көре аласыздар.

Өзгелердің жаңалығы