Бас жаңалықтар
Алматыда Телемедицина орталығы ашылды
17 Қыркүйек 2020, 14:42 202

Алматыда Телемедицина орталығы ашылды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамалжан Надыров онлайн брифинг барысында айтты.

Басқарма басшысы қалада коронавирустың екінші толқынына дайындық жұмыстары жалғасып жатқанын айта келе, науқастарға бейне форматында кеңес беретін Телемедицина орталығы құрылғанын жеткізді.

Бұл орталықтың міндеті – коронавирус жұқтырғандарға видео кеңес беріп, сұрақтарына жауап бере отырып бағыт көрсету. Қазір медициналық ақпараттық жүйемен біріктірілетін арнайы жүйе жасалып жатыр. Дәрігер науқасқа бейне кеңес берген кезде болған өзгерістер науқастың аурулар тізіміне енгізіліп отырады, - дейді ол. 

Сонымен қатар ол коронавирус жұқтырған науқасқа жедел жәрдем көрсету алгоритмі жетілдірілгенін айтты.

Енді жедел жәрдем науқасқа барғанда оның жағдайын тексеріп, ауруханаға апарар жолда алдымен компьютерлік томографиядан өткізеді. Ауру дәрежесі анықталған соң, соған қарай ауруханаға апару шешіледі, мәселен, жағдайы ауыр болса - І эшелонға, орта болса - ІІ эшолонға, жеңіл болса - ІІІ эшолонға жеткізеді. Оған қоса ПТР тесттен өткізіледі, оның барлығы тегін жасалады, - дейді Надыров. 

Сонымен қатар емдеу тиімділігін арттыру үшін қалада реаниматология және анестезиология орталығы құрылғанын жеткізді. Оның құрамына жетекші дәрігерлер, доктор, профессорлармен қатар зейнеттегі білікті де тәжірибелі дәрігерлер енген. Тәулік бойы қызмет ететін орталықтың арқасында ауыр жағдайдағы науқастардың саны екі есе төмендегені байқалыпты. 

Оның айтуынша, қаладағы жағдай қазір тұрақты және толықтай коронавируспен күрес жөніндегі штабтың бақылауында. Қалада коронавирусты емдеуге арналған 27 стационар әзірленген, оған қоса 6 211 төсек-орын дайындалыпты. 

Қазір 17 стационар мен 1 923 төсек-орын іске қосылған, қосымша қорда 4 мың төсекті орын дайын тұр. Оның үстіне 3 инфекциялы емхананың құрылысы аяқталуға жақын. Сондықтан қазан айында қалада 7 226 төсек-орынды емхана іске қосылады, - дейді ол. 

Алматыда коронавирус жұқтырғандар саны 14 328 адамды құрады. Өткен тәулікте 3 науқас тіркелген. Жазылғандар саны  - 13 941, қайтыс болғандар саны – 270.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...