Алматыда #tazasailau тәуелсіз бақылаушылар қозғалысы құрылды

13 Қараша 2020, 12:03
1650
Бөлісу:
Алматыда #tazasailau тәуелсіз бақылаушылар қозғалысы құрылды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі.  Бүгін бір топ қоғам белсенділері алдағы уақытта өтетін Мәжіліс пен мәслихат сайлауында тәуелсіз бақылаушы болатындарын мәлімдеді.

Бастамашы топ құрамында Бигелді Ғабдуллин, Жанна Ахметова, Махат Садық, Ерқанат Көпжасар сынды журналистермен қатар саясаттанушы Эдуард Полетаев бар.

Біз тәуелсіз бақылаушылар желісін құрып жатырмыз, алдағы уақытта бұл елді қамтитын желіге айналады деген ойдамын. Бұл бастама жайлы алғаш facebook-те пост жаздым, кейін оны әріптестерім қолап әкетті. Қазір әр қаладан азаматтар хат жазып, тәуелсіз бақылаушы болып, сайлаудың әділ өтуін қалайтындарын айтып жатыр, - дейді Жанна Ахметова.

Журналист, қоғам қайраткері Бигелді Ғабдуллин 1989 жылдан бері бақылаушы болғанын айта келе бұл бағытта тәжірибесі бар екенін жеткізді.

Біздегі сайлау жүйесі үлкен дағдарыс алдында екенін жақсы білесіздер. Сайлау кампаниялары мен сайлау үрдісінде екі проблема бар. Оның бірі бюлетендердің жасандылығы мен жалғандығы. Мұндай әрекет әлемнің дамыған елдерінде де кездеседі.  Сондықтан біз сайлаудың адал да, таза өтуіне ықпал етуіміз керек. Қазір жаңа буын өсіп келе жатыр, әділ сайлау өткізу арқылы солардан әділ саясаткерлерді қалыптастыруымыз қажет, - дейді ол.

Б.Ғабдуллин елімізде 10 мыңнан астам сайлау учаскесі бар екенін айта келе 20 қалада ниеттестері бар екенін жеткізді.

«Біздің қозғалыстың мүшелері белсенді жастар. Олар осы саяси мәдениет мектебінен өткенін қалаймыз. Бақылаушылар сайлау күні ғана жұмыс істейді. Егер қандайда бір заңбұзушылық болғанын көрсе бірден видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялу арқылы елге жеткізеді. Сайлау біткен соң сайлау өткізу комиссиясына барып қандай заңбұзушылық болғанын ескертеміз. Сонымен қатар құқық қорғау органдарымен тығыз жұмыс істеуді қалап отырмыз, әсіресе прокуратурамен»,-дейді  қоғам белсендісі.

Ұйымдастырушылар сөз арасында барлығы елдегі партияның ешбірінде тіркелмегендерін және басқа да бақылаушы ұйымдармен бірігіп жұмыс істеуге ниетті екендіктерін жеткізді.

Саясаттанушы Эдуард Полетаев сайлаудың әділ өтуіне қоғам болып атсалысу қажеттігін айтты.

«Бұған дейінгі сайлауларда мыңға жуық бақылаушы болды. Бұл аздық етеді. Оған қоса әлеуметтік желінің құдіреті қазір жоғары. Сайлауда болған заңбұзушылықты сонда жариялау арқылы сайлаудың қаншалықты әділ өтіп жатқанын білуге болады»,-дейді саясаттанушы.

Өзгелердің жаңалығы