Түркі әлемі деректі фильмдері фестивалінің қазақстандық бағдарламасы өтіп жатыр

17 Қазан 2019, 15:01
4211
Бөлісу:
Түркі әлемі деректі фильмдері фестивалінің қазақстандық бағдарламасы өтіп жатыр
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Түркі әлемі деректі фильмдері IV Халықаралық фестивалінің қазақстандық бағдарламасы өтіп жатыр. 

Бұл кинофестивальдің ашылуы қазан айының басында Ыстамбұл қаласында болған. Аталған шара биыл тоғыз қатысушы елдің жетекші серіктес-университеттерінде өтуде. Кинофестивальдің түркі елдері үшін қоғамдық және мәдени маңызы аса зор. Оған Түркия, Қазақстан, Түркіменстан, Босния және Герцеговина, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Венгрия, Македония, Кипр елдерінің үздік жұмыстары қатысып жатыр. Фильмдер әлеуметтік, мәдени, рухани және қоғамдық маңызды тақырыптар мен жастар тәрбиесін қамтиды.

Бүгінгі фестивальдің ашылу салтанатында кино және театр актері Асаналі Әшімов сөз сөйлеп, жастарды өнерлі, білімді болуға шақырды.

"Білімді болсаңдар елге пайда келтіресіңдер, елдің абыройын асқақтатасыңдар, соған тырысыңдар. Дамыған елдердің қатарына қосылайық, бізде ешкімнен кем емеспіз, білімді болыңдар, мен сіздерді соған шақырамын", - деді ол. 

Өз кезегінде Қазақ ұлттық университеті Түркі әлемі деректі фильмдерінің V фестивалінің тақырыбын әл-Фарабиге арнауды ұсынды. Сонымен қатар жиын барысында ҚазҰУ түсірген "әл-Фараби – өркениет философы" фильмі көрсетілді. 

Жиын барысында сөз сөйлеген кинорежиссер Сергей Әзімов әл-Фараби жайлы толықметражды кино түсіріп жатқанын айтты.

"Кино саласында 40 жылдай еңбек етіп келе жатырмын. Осындай халықаралық кинофестивальді ҚазҰУ ұйымдастырып отырғаны үлкен жетістік. Мұндай деректі фильмдердің фестивалі ауадай қажет. Мен қазір ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың ұсынысымен әл-Фараби бабамыз туралы толықметражды кино түсіріп жатырмын. Біз Әл-Фараби деп ауыз толтырып айтқанымен көшеге шығып халықтан оның еңбегі жайлы сұрасақ көпшілік тосылып қалады. Сондықтан оны кеңінен таныстырып, жас ұрпаққа дәріптеуіміз қажет", - деді С. Әзімов.

Іс-шараны Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының қолдауымен Түркі әлемі журналистері Федерациясы мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұйымдастырып отыр.
Өзгелердің жаңалығы