Алматыда Шармановтың халықаралық сыйлығы табысталды

19 Қазан 2021, 14:53
6298
Бөлісу:
Алматыда Шармановтың халықаралық сыйлығы табысталды
PHOTO

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Медициналық-санитарлық көмекті дамытуға үлес қосқан шетелдік дәрігерлер, сондай-ақ COVID-19 диагностикасы мен емдеу хаттамасын әзірлеуші отандық инфекционистер Шармановтың халықаралық сыйлығына ие болды.

2021 жылғы 16 ақпанда Қазақстанда Т. Шармановтың Халықаралық қоры құрылды, оның қызметі денсаулыққа қатысты жалпыға бірдей құқық идеясын дамытуға бағытталған. Бүгін аталған қор қызметі аясында Шармановтың халықаралық сыйлығының лауреаттарына марапаттар салтанатты түрде табыс етілді.

Алқалы марапатқа алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамытуға қосқан үлесі үшін Джонс Хопкинс университетінің шетелдік ғалымдары Дэвид Бишай мен Майк Шлайф, сондай-ақ қазақстандық дәрігерлер, COVID-19 диагностикасы мен емдеу хаттамасын әзірлеуші инфекционистер – Бақыт Көшерова мен Амангүл Дүйсенова ие болды.

Алматыда Шармановтың халықаралық сыйлығы табысталды

Т. Шармановтың халықаралық қорының миссиясы – денсаулық сақтау және дұрыс тамақтану саласындағы жас және болашағы зор ғалымдардың жобаларын қолдау. Бұдан басқа, қор диетологиямен айналысатын әлемдік академиялық орталықтарда мамандардың тағылымдамасына гранттар беруді жоспарлауда.

Аталған жиынға Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысып, профессор Төрегелді Шармановты туған күнімен құттықтай отырып, оның отандық денсаулық сақтау жүйесінің қалыптасуы мен дамуына қосқан зор үлесін атап өтті.

Алматыда Шармановтың халықаралық сыйлығы табысталды

Т. Шарманов – еліміздегі медицинаның ірі ұйымдастырушыларының бірі, Қазақстан мен Орталық Азия республикаларындағы нутрициологтар мектебінің негізін қалаушы. Ол 1978 жылы Алматыда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ЮНИСЕФ қамқорлығымен алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі халықаралық конференцияны өткізудің бастамашысы ретінде әлемдік және қазақстандық денсаулық сақтауға зор үлес қосты. 

Конференция қорытындысы бойынша әлемдік денсаулық сақтаудағы негізгі құжаттардың бірі – Алматы декларациясы қабылданды, онда алғашқы медициналық-санитарлық көмектің ұлттық жүйесін ұйымдастыру тұжырымдамасы алғаш рет баяндалды.



Өзгелердің жаңалығы