Алматыда Сейфуллин саябағы жөнделді

4 Желтоқсан 2021, 12:20
1990
Бөлісу:
Алматыда Сейфуллин саябағы жөнделді

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыдағы Түрксіб ауданында «Сейфуллин» саябағы жөнделіп, балаларға арналған ШСН-дар орнатылып, ағаштар отырғызылды.

Түрксіб ауданының әкімі Бақытжан Ақжаровтың мәліметінше, ауданда үш саябақ пен 12 сквер орналасқан, бүгінде барлық саябақтар мен 8 сквер жөнделген. Соның ішінде «Сейфуллин» саябағының ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды, онда балаларға арналған ШСН-дар мен баскетбол алаңы бар, сыртқы жарықтандыру желілері ауыстырылған. Өткен жылы Сауранбаев көшесіндегі жаяу жүргіншілер аймағы күрделі жөндеуден өтіпті.

«Бюджетке қатысу» жобасы аясында жыл соңына дейін жергілікті тұрғындардың 32 ұсынысы іске асырылмақ. Олардың қатарында спорт, балалар ойын алаңдарын салу, аумақты көгалдандыру, қоғамдық пайдалану орындарын жөндеу және жарықтандыру, қатқыл тұрмыстық қалдықтарды жинау үшін тереңдетілген контейнерлік алаңдарды орнату бар.

Алтай-1 шағын ауданында тұрғындардың бос уақытын өткізулері үшін ойын және спорт алаңдары, сыртқы жарықтандыру желілері, шағын сәулет нысандары, аумақты көгалдандыру бар жаяу жүргіншілер аймағы абаттандырылады. Сондай-ақ, Майлин көшесіндегі скверді бөлу бойынша жұмыстар жүргізілуде және Молдағалиев көшесі мен Чехов көшесінің жаяу жүргіншілер аймағын күрделі жөндеу бойынша 2022 жылға арналған жоба әзірленуде, - деді Бақытжан Ақжаров.

Сондай-ақ, биыл аудан тұрғындарымен бірге көктемгі және күзгі кезеңде 2 189 көшет отырғызылған. Соңғы екі жылда барлығы 74 мың ағаш отырғызылыпты. 2021 жылы ауданда 9,9 мың ш.м. гүл отырғызылса, 2022 жылы 11 мың ш.м. гүл отырғызу жоспарланған.

Өзгелердің жаңалығы