Сағынтаев: Алматыда қоғамдық көлік көбейеді

29 Қараша 2019, 11:42
3408
Бөлісу:
Сағынтаев: Алматыда қоғамдық көлік көбейеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев 2020 жылы Алматы шетіндегі 120 шақырым жаңа жолдың құрылысы басталатынын айтты.

Алматы әкімдігінің алдында тұрған қысқамерзімді міндет – жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 75%-ға дейін жеткізу. Бүгінгі күні 231 көшедегі 54 шақырым жолдың құрылысы аяқталды.

Ұзындығы 135 шақырым болатын 147 көшедегі жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2020 жылы Алматының шетінде тағы 120 шақырым жолдың құрылысы басталады, - деді ол.

Алматылықтар үшін ең өзекті мәселенің бірі қоғамдық көліктің жұмысы. Жолаушылар тасымалының сапасын арттыру – алматылықтардың өмір сүру деңгейін жақсартудағы басты міндеттердің бірі. 

Осыған орай біз қоғамдық көлік санын арттырамыз. Коммерциялық құрылымдар 172 автобус сатып алды. Қала бюджеті есебінен газбен жүретін тағы 260 автобус алынды, - деді қала әкімі.
Оның сөзіне қарағанда, жаңарған автобус парктерінің 90%-ға жеткені белгілі болды.

Қалада барлық троллейбус желісін модернизациялау басталды. Әкімдік қоғамдық көліктің экологиялық таза түріне көшуге жете назар аударатын болады. Мысалы, көлік өте қажет және ұзын бағыттарға 10 электробус шығарылды.

Айта кетсек, ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар кызметіндегі баспасөз конференциясында Алматы қаласының әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 2019 жылдың 10 айының қорытындылары туралы айтқан болатын. Оның айтуынша, Алматы қаласын ауызсумен толық қамту 2023 жылы аяқталады. Сонымен қатар, Алматыда тағы да 700-ден астам "Сергек" орнатылатын көрінеді.

Өзгелердің жаңалығы