Бас жаңалықтар
Алматыда отандық қыш бұйымдардың көрмесі өтіп жатыр
14 Ақпан 2019, 14:59 626

Алматыда отандық қыш бұйымдардың көрмесі өтіп жатыр

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. ҚР суретшілер одағының ұйымдастыруымен «Алматы-Арена» спорт кешеніндегі арт-орталықта керамикалық заттардың республикалық көрмесі өтіп жатыр.

Көрме барысында шеберлік-сағаттары өткізіліп, көпшілікке қыштан дәстүрлі бұйымдардың қалай жасалатыны көрсетілді. Сондай-ақ көрмеге еліміздің әр түкпірінде қыштан бұйымдар жасап жүрген шеберлердің заттары қойылған.

Суретші әрі қыш бұйымдар жасайтын шебер Құрман Мұратаев бүгінгі көрмеге өз заттары мен қоса шәкірттерінің де дүниелерін әкеп, көпшілікке таныстырып жатқанын жеткізді.

«Соңғы кезде елімізде керамика заттарын шығару төмендеп кетті. Совет үкіметінің тұсында шикізаттар мол болды және қыш өнімдерін шығаратын зауыттар да жұмыс істеді. Мәселен, «Қапшағай фарфор» зауыты, «Целиноград фарфор» зауыты, «Көкшетау фарфор» зауыты», «Алматы қыш» зауыттары болды. Кейін қытайдың арзан дүниесі көбейіп кетуіне байланысты бұл зауыттар бәсекеге қабілетті болмай, жабылып қалды. Қазір суретші шеберлер өз қолдарымен қыш бұйымдарды азда болса жасап жүр»,-дейді шебер.

Оның айтуынша, қазір еліміздегі шеберлер шығармашылық жұмыстарымен айналыса жүріп, күнделікті тұрмыста қолданатын бұйымдарды да жасап жүр.

Сондықтан болар көрмеге шағын мүсінше пішініндегі заттар көп қойылған. Сондай-ақ портреттер, қабырғаларға ілетін декоративті, интерерлі бұйымдар, құстар, жан-жануарлар, мифологиялық сақ дәуіріндегі образды да көруге болады.

Шебердің айтуынша, қыштан бұйым жасау біраз уақытты қажет етеді.

«Балшықты жұмсартып илеу керек, одан макетін әзірлейсің. Эксклюзив заттар тіптен көп уақыт алады, бір айда ары кетсе үлкендеу екі зат қана жасайсың. Кейбірі қалып дайындап алады да, сонымен бір жасағанда бірнеше зат әзірлейді. Оларды кептіресің, одан соң күйдіресің, бояйсың, мұның бәрі уақытты алады», -дейді шебер.

Аталған көрме сәуірдің 12 дейін жалғасады.

Әділет Мұсахаев

Сізден жаңалық