Алматыда онкологиялық және гематологиялық көмекті жетілдіру бойынша кеңес өтті

31 Мамыр 2019, 21:16
1574
Бөлісу:
Алматыда онкологиялық және гематологиялық көмекті жетілдіру  бойынша кеңес өтті

Алматы, BAQ.KZ.   Бүгін Педиатрия орталығында «ҚР 2019-2021 жылдарға арналған балаларға онкологиялық және гематологиялық көмекті жетілдіру жөніндегі Жол картасын» іске асыру аясында өңірлік балалар  онкологтар және гематолог мамандардың қатысуымен жұмыс кеңесі өтті. Бұл туралы орталықтың баспасөз қызметі мәлімдеді.

Басқосуға республиканың барлық облыстарының онко-гематолаг дәрігерлері қатысты. Сондай-ақ, кеңес барысында қатерлі ісікке шалдыққан балалардың демеуші терапияға арналған дәрі-дәрмектермен қамту мәселесі, гемофилиямен ауыратын науқастардың қанның ұйығыштық факторларымен қамтамасыз етілуі, сүйек кемігін трансплантациялаудан кейінгі терапияны жүргізуде препараттармен қамтамасыз ету жайы қаралды. 

«Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы еліміздегі 2019-2021 жылдарға арналған балаларға онкологиялық және гематологиялық көмекті жетілдіру жөніндегі Жол картасының үйлестіруші болып табылады. Сондықтан орталық ұдайы онкологиялық және гематологиялық ауруларды ерте анықтау бойынша  облыстық мамандарға оқыту дәрістерін өткізіп отырады. Жыл сайын 300 дәрігерлерді оқытсақ, қазіргі уақытта жылына 3000-ға жуық дәрігерлердің біліктілігін арттыру міндетін алдымызға қойып отырмыз. Басты мақсатымыз – еліміздегі онкологиялық және гематологиялық көмекті жетілдіру. Қатерлі ісікті алғашқы сатыларында анықтау және ерте ем тәсілдерін қолдану толық айығудың негізгі жолы», -дейді Басқарма төрайымының ғылыми-клиникалық және инновациялық жұмыстары жөніндегі орынбасары Лязат Манжуова. 

Педиатрия орталығы жыл сайын аймақтарға онкологиялық және гематологиялық ауруларды ерте диагностикалау бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмек дәрігерлеріне арналған оқыту курстарын жүргізіп келеді. Бұл жұмыстардың нәтижесінде I-II сатыдағы қатерлі ісіктер ерте анықталуда. Қатерлі ісікпен науқастанған баланың толық сауығуы аурудың ерте сатысында анықталуына, медициналық көмектің уақытылы көрсетілуіне байланысты болғандықтан облыстардағы дәрігерлердің біліктілігін арттыру орталықтың басты мақсаты болып отыр. 

Шара барысында Мәскеу қаласы Денсаулық сақтау басқармасының Морозов қалалық клиникалық балалар ауруханасының дәрігер-гематологы, медицина ғылымдарының докторы В.Ю.Петровтың қатысуымен балалардағы гемофилияны заманауи диагностикалау және емдеу мәселесі бойынша оқыту дәрісі өтті.

Өзгелердің жаңалығы