Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін egov.kz бұрышы ашылды

28 Қазан 2020, 17:42
1510
Бөлісу:
Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін egov.kz бұрышы ашылды

Алматы, BAQ.KZ. Бүгін Алматыдағы «Галерея» сауда ойын-сауық орталығында электрондық үкіметтің өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы ашылды.

Енді Атакент ауданының тұрғындары мемлекеттік қызметтерді Халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ ала алады.

Коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау және ХҚО ғимараттарында азаматтардың жиналуын барынша азайту үшін, «Галерея» СОК-та өзіне-өзі қызмет көрсетуге арналған екі бұрыш жұмыс істейтін болады: 1-қабат-мүмкіндігі шектеулі жандар үшін. 2-қабат - Алматы қаласының барлық тұрғындары үшін.  Жалпы саны 8 орын.

Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы қаласы бойынша департаментінің бастамасымен Алматы қаласы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» МК филиалымен бірлесіп ашылды.

Бұрыштың ашылуына egov.kz «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕАҚ Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Данияр Қырықбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің  Алматы қаласы бойынша департаментінің басқарма басшысы Нұржан Өзбеханов,  бас маманы Мақсат Жаңбыршиев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің  Алматы қаласы бойынша департаменті ведомства аралық  жұмыс тобының мүшелері - «Подранки –Шарасыздар» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ғалия Тобатаева, «Кең пейіл» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Анатолий Мегай, «Экспо-Дизайн»  ЖШС өкілдері және басқа да қоғамдық ұйымдар мен фронт-офистер басшылары қатысты.

Өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы кезекті жоюға бағытталған. Бұрыштар азаматтардың ХҚО ғимараттарында шоғырлануын болдырмайды және коронавирустың таралу қаупін азайтады. Мұнда компьютері немесе интернеті жоқ азаматтар электрондық үкімет порталында қолжетімді қызметтерді өз бетінше ала алады, - деп түсіндірді «Азаматтарға арналған үкімет» МК  КЕАҚ Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Данияр Қырықбаев.
Аталған өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышына ХҚО мамандары бекітілген. Олар азаматтарға  электрондық үкімет порталында және Telegram мобильді қосымшасында жұмыс істеу бойынша ақпараттар береді, - деп қосты ол.

Қазіргі уақытта Қазақстанда электрондық мемлекеттік қызметтерді ыңғайлы алу үшін алты жүзге жуық, Алматы қаласында 15-ке жуық egov өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары жұмыс істейді.

Өзгелердің жаңалығы