Бас жаңалықтар
Алматыда монша кешені казино болып шықты
17 Қыркүйек 2021, 10:13 240

Алматыда монша кешені казино болып шықты

Алматы, BAQ.KZ. Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша аумақтық департаментінің қызметкерлері қаладағы монша кешендерінің бірінде орналасқан астыртын казино қызметінің жолын кесті. Бұл туралы ҚМА баспасөз қызметі хабарлады.

«Ойын бизнесі туралы» заңының 11-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында заңда белгіленген орындардан тыс казино және ойын автоматтарының қызметіне тыйым салынған.

Тексеру кезінде мекемеде 23 ойыншы, сондай-ақ қызмет көрсетуші персонал болғаны анықталды. Қызметкерлер шұға, түрлі номиналдағы ойын фишкаларын, колодадағы пластикалық карталарды тәркіледі,-делінген хабарламада.

Сонымен қатар астыртын казинода тек тұрақты клиенттерді өткізу жүйесі жасалған. Ойыншылардың қаражатын қабылдау казино ұйымдастырушыларының карта шоттарына аудару арқылы жүзеге асырылды.

Қазіргі уақытта заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі басталды.

Өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етуге жатпайды.


Фото: дереккөз
Загрузка...