Бас жаңалықтар
Алматыда мемтапсырысты орындамаған медициналық колледж директоры жұмыстан босатылды
14 Наурыз 2019, 22:05 766

Алматыда мемтапсырысты орындамаған медициналық колледж директоры жұмыстан босатылды

Астана, BAQ.KZ. Алматы әкімі Бауыржан Байбек жұмыс сапары кезінде жоғары медициналық колледж ғимаратын аралап көрді және оқу орнының қызметі туралы есепті тыңдады. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаев өзінің сөзінде мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша колледжде бюджеттік қаржыны орынсыз жұсау фактілерінің және бухалтерлік есеп пен салықтық көрсеткіш арасында сәйкессіздіктің орын алғандығын айтты.

Тіпті, колледж директоры 2019-2020 жылдарғы оқу жылына жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік тапсырысты алу жөніндегі конкурсқа қатысу үшін өтінішті уақтылы бермеген, ал бұл оқу орны басшысының кезек күттірмейтін басты міндеттерінің бірі болып табылады. Демек, колледж оқушылардың жалпы санының 60 пайызын қамтитын мемлекеттік тапсырысты орындамаған, осының салдарынан қаланың медициналық ұйымдарында орта буын кадрлар жетіспеуі және абитуриенттердің, оның ішінде аз қамтылғандар арасында әлеуметтік шиеленістің туындауы мүмкін.

«Денсаулық сақтау саласына қомақты қаржы бөлінуде, алайда тұрғындар тарапынан медициналық қызмет сапасына жыл сайын шағымдар көп түсуде. Бұл - дәрімен дұрыс қамтамасыз етпеу, қызметкерлердің дөрекілік танытуы. Маған қазір ғана баяндағандай, кейбір медицина ұйымдарының басшыларына кірудің өзі қиын екен, олар өздерін дәл патшалардай сезінетін көрінеді. Тіпті, кейбіреулер жеке ісімен айналысып, жұмыс орындарына келмейді екен, соның сладарынан еңбек ұжымы зардап шегуде. Жемқорлыққа қарсы күресте біз халыққа жүгінетін боламыз. Бірде - бір арыз, бірде -бір шағым ескерусіз қалмайды», - деді Бауыржан Байбек.

Мегаполис басшысы қаланың барлық медициналық мекемелер басшыларының кеңселеріне видеокамералар орнатуды, ондағы суреттердің тікелей Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына жіберілуін тапсырды. Басқарма басшысының кеңсесіндегі видеокамерадағы көріністер қала әкімінің осы салаға жауапты орынбасарына бірден беріледі.

Бұдан өзге, басқарма басшысына тәуелсіз Қадағалаушылар кеңесін құру жөніндегі жұмысты одан әрі жалғастыру, азаматтардан өтінімдер қабылдайтын жедел желі ашу тапсырылды. Жасалған KPI индикаторларын медұйымдар басшыларының еңбек шартына енгізіп, барлық емдеу-диагностикалық процесстердің ашықтығын қамтамасыз ететін цифрлық жүйелерді пайдалану қажет.

«Алматы – адалдық алаңы» жобасы аясында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігімен бірге сырқаттарға қолдау көрсету үшін ашық кеңістік жобасы қолға алынады, мұнда медмекемелердегі қабылдау бөлімінің меңгерушілері регистратуралар мен қабылдау нүктелері жанында өз міндеттерін атқарады.

«Тіпті мына колледжден-ақ біз өздерінің тікелей міндеттерін орындамайтын басқарушы құрамның проблемаларын көрдік. Бізге іске жаны ашитын, білікті, өнегелі, адал басшылар қажет. Дәл осындай басшылар өздеріне қолдау көрсету жөнінде қоңыраулар ұйымдастырмайды. Өйткені, ол өзіне сенімді, білімді әрі білікті, ісіне берік, жауапкершілігі мол. Тағы да қайталап айтамын, келеңсіз фактілер орын алса, онда бірден қызметінен босатқан жөн. Барлық өтініштер мен шағымдар бойынша құқыққорғау органдарымен бірге белсенді жұмыс жасау керек. Біз бәріне ұнаудан аулақпыз, тың әрі нақтылы шараларды қолданатын боламыз», - деп атап өтті қала әкімі.

Бұрын берілген тапсырмалардың қалай жүзеге асып жатқандығы туралы баяндаған Қоғамдық денсуалық сақтау басқармасының басшысы сатып алу транспарентін және сырқаттарды дәрімен қамтамасыз ету үшін биылғы жылдың сәуірінен бастап барлық дәрілерді сатып алу электронды платформаға көшетінін хабарлады. Тексеру барысында қымбат дәрілерді алған 304 науқастың қала тұрғындары емес екендігі және қайтыс болғандығы анықталды. Осыған орай дәрі дәрмекті «Аптека роботы» арқылы беру қолға алынады.

Сонымен бірге, сатып алынатын барлық медициналық техниканың құны экономикалық сараптамадан өтеді. Қазіргі кезде медицина ұйымдары жанында жалған жұмыс істеген 46 Қадағалаушы кеңес таратылды. Денсаулық сақтау жүйесінің сапалы басшылық құрамын қалыптастыру мақсатында әрбір медицина ұйымының басшысы үшін КРІ-дің 70 индикаторы жасалды. Бұлардан өзге, биылғы жылы 28 медицина мекемесін қайта құру жоспарланған, қазіргі кезде олардың сегізі қайта жасақталды.

Загрузка...

Сізден жаңалық