Бас жаңалықтар
Алматыда қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр
PHOTO
23 Желтоқсан 2020, 09:31 862

Алматыда қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыдағы Апорт сауда үйінде қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр. 

Жәрмеңкеге ағаштан, былғарыдан жасалған әдемі бұйымдар қойылған. Оған қоса қолдан тоқылған заттар мен көздің жауын алар әдемі кәдесыйлар да бар. 


Талдықорған қаласынан арнайы келген қолөнер шебері әрі фотограф Жеңіс Ысқабай бұл жәрмеңкеге ағаштан жасалған Жорғатай, Ква-ква сияқты ойыншықтарын ала келіпті. Шебердің айтуынша қазір таза табиғи өнімнен жасалған ойыншықтар аз, сондықтан  ағаштан ойыншық ойып жасауды қолға алған.


Балаларым өмірге келген соң оларға сапалы, табиғи таза өнімнен жасалған ойыншықтар алып бергім келді. Бала кезден ағаш ойып үйренгендіктен бастапқыда балама деп құлынды ағаштан жасап бердім. Кейін оны жетілдіріп, ыңғайлы етіп көпшілікке ұсындым. Бұл ойыншықтар таза ағаштан жасалған әрі сапалы, сынбайды. Балаңыздың баласына естелік болып қалады, - дейді шебер.


Жәрмеңкеге қатысып жатқан тағы бір қолөнер иесі Альбина Есенғалиева былғарыдан тіккен бұйымдарын көпшілікке ұсынуда. Оның былғары бұйымдарын тіге бастағанына үш жыл болған.


Бала кезімнен тігінге жақын болдым, дегенмен былғары бұйымдарын тігуді бертінде бастадым. Өйткені былғарыдан тігілген бұйымдар өте сапалы болады. Алғашында өзіме, жақындарыма түрлі бұйымдар тігіп жүрдім, кейін нарыққа шығарып сата бастадым. Негізгі мамандығым қаржыгер. Қазір сөмке, әмиян, косметика салғыш және киізден бас киімдер тігемін. Алдағы уақытта мектеп оқушыларына арналған рюкзактар мен белдіктер тігуді қолға алмақпын. Нарықты зерттеп көрдім, таза былғарыдан жасалған сапалы өнім аз. Отандық бұйымға негізінен шетелдіктер қатты қызығады, біздің адамдар қытайдың жылтырақ, арзан затын алуға әуес. Қазір цехымда 3 адам жұмыс істеп жатыр, - дейді тігінші. 


Ал, көпбалалы ана Гүлназ Аманжолқызы жәрмеңкеге қолдан жасаған кондитерлік тәтті бұйымдарын алып келіпті. 

Ол баламен үйде отырған шағында тапсырысқа торт, пирог, кекс сияқты тәтті тағамдар пісіруді бастаған. Кейін жары қолдау көрсетіп, бал, зімбір қосылған прәндіктер жасайтын цех ашуға көмектесіпті.  


Қазір шағын өндірісімізде төрт адам жұмыс істеп жатыр. Аптасына 200 қорап топер шығарамыз, тұрақты тапсырыс берушілеріміз бар, - дейді ол. 

Кәсіпкер мемлекеттік қолдауға ие болып, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлерді қолдау палатасы ұйымдастырған курсқа қатысып 550 мың теңге көлемінде грант алған. Оған цехына қажетті құралдар алыпты.


Енді үлкен сомадағы гранттарға қатысқым келіп отыр. Цехты дамыту үшін қажетті жабдықтар керек болып тұр. Қазір мемлекет кәсібін ашам дегендерге қолдау көрсетіп жатыр. Өзім «Бақытты отбасы» жобасында да тіркелгенмін. Олар жарнама жасап қолдау көрсетіп тұрады, - дейді Гүлназ Аманжолқызы. 


Желтоқсанның 20 күні басталған қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі осы айдың 30-на дейін жалғасады.



Фото: автордан
Загрузка...