Алматыда «Киелі бесік» республикалық өнер байқауы өтеді

27 Наурыз 2019, 10:57
2298
Бөлісу:
Алматыда «Киелі бесік» республикалық өнер байқауы өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елімізде алғаш рет Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде ұлттық мұрамызды ұлықтауға бағытталған «Киелі бесік» республикалық музыка фестивалі өтеді, деп хабарлайды оқу орнының Баспасөз қызметінің жетекшісі Жандар Асан.

Мәдени байқаудың мақсаты – ұлттық мәдениетті нығайту, өскелең ұрпақты отбасы құндылығын бағалай отырып құрметтеуге, мейірбандық пен ұлттық кодты сақтауға тәрбиелеу және талантты жастарды анықтау.

"Білім мен ғылымның қарашаңырағы Қыздар университетінің бастама танытуымен елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отырған «Киелі бесік» республикалық музыка фестивалі – ұлтымыздың ұлылығын ұлықтап, мерейін таcытуға бағытталған бірегей жоба. Бұл фестиваль – бабадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық қазыналарымызды қадірлеуге, жастарды отбасылық құндылықтарды құрметтеуге үндейді. Қазақ елінде тұратын түрлі этнос өкілдері мен халықтардың салты мен төл мәдениетін насихаттауға бағытталған бұл шара алдағы уақытта да дәстүрге айналатынына кәміл сенімдіміз", – деп атап өтті Жандар Асан.

Қазақ елін мекендейтін түрлі этнос өкілдері мен халықтардың мәдениетін насихаттауға арналған шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отыр.

Фестивальға еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің қоғамдық бірлестіктері мен жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері, мектеп оқушылары қатысады деп күтілуде. Байқау екі кезеңнен тұрады. Алғашқы турда қатысушылар бесік тақырыбында театрландырылған қойылымды көпшілік назарына ұсынса, екінші кезеңде «Киелі бесік» тақырыбындағы халық әндерін орындамақ. Олардың қатарында бесік жырлары, ана әлдиі және бесік туралы әндер бар.

Қатысушылардың өнері театр қойылымының ақпараттық насихатталуы, бұрын зерттелмеген тың идеяны көрсету, декорация, костюм және актерлік шеберлік сынды бағыттар бойынша бағаланады. Ал музыкалық бағытта әннің сөзі мен әуенінің сапалылығы, шығарманың күрделілігі, орындаушының сахналық киім үлгісі мен мәдениеті назарға алынбақ.

Фестиваль жеңімпаздары арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Өзгелердің жаңалығы