Бас жаңалықтар
Алматыда қалың қар жауып, халықты әбігерге салды
PHOTO
25 Ақпан 2021, 12:31 550

Алматыда қалың қар жауып, халықты әбігерге салды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда 20 сантиметрге дейін қар жауып, салдарынан таңертең ұзын-сонар көлік кептелісі болды.


Кеше басталған жаңбыр аралас қардың соңы қалың қарға ұласты. Түнде ауа температурасы минус 10 градусқа дейін төмендеген. Қаланың коммуналдық қызметінің мәліметінше, қалада 20-30 см, таулы жерде 30-40 см дейін қар жауған. 


Ауа райының тосыннан мінез көрсетуі қала тұрғындарын әбігерге салды. 


Таңертең көптеген көлік тайғанақтап жүре алмай қалды, оның үстіне күндегідей емес көлік кептелісі де жоғары. 


Кептелістің кесірінен тұрғындардың көпшілігі жұмысына кешігіп баруда. 


Ерасыл Мәжитов есімді қала тұрғыны аялдамада автобус күтіп тұрғанына 15 минуттан асқанын айтты.


Қалада кептеліс, автобус әлі келмей жатыр. Жаңбыр, қар жауса болды Алматының әдеті ғой. Көлік кептелісі көбейіп кетеді. Бүгін жұмысқа кешігетін болдым. Мұндайда метро жақсы, бірақ ол мен баратын жаққа жүрмейді, - дейді ол.


Бұған дейін қала әкімдігі қала көшелерін қардан тазарту жұмыстары жалғасып жатқанын және сағат 09.00-дегі жағдай бойынша 1350 текше метр қар шығарылғанын мәлімдеген.


Таңертеңгі көшені тазалау жұмысына 653 техника бірлігі, оның ішінде 205 құмлақтырғыш пен 1653 жол жұмысшысы жұмылдырылған. 


Алматыдағы мекемелердің бірінде техник болып жұмыс істейтін Сәбит Жұқатов есімді қала тұрғыны бүгін жұмысқа дейін күндегіден ұзақ жол жүргенін айтты.


Қала сыртында тұратындықтан жұмысқа таңертең ерте шығамын. Бүгін таңғы сағат 6.30 шығып 8.30 кезінде әрең жеттім. Қар 25 см-дей болды. Қала ішіндегі жолдар тазаланып жатты, ал сырт жақта қарға батып, әрең жүресің, - дейді ол.


Сондай-ақ ол мекеменің алдын тазалау өзінің жұмыс міндетіне кіретінін айтты. 


Негізі техникпін. Көп жыл типографияда жұмыс істегенмін. Қазіргі жұмысымда мекеменің ауласын тазарту менің міндетіме кіреді. Қар тазалаудан қиналып жатырмын деп айта алмаймын. Алматыға қар сирек жауады. Бұл мен үшін дене шынықтырумен айналысқандай, қимылдап, қозғаласың. Бұл денсаулыққа пайдалы. Оның үстіне бала кезден қар күреп өскендіктен бұл жұмысты жақсы көремін, - дейді ол.


Ақпан айының ортасында Алматыда күн жылынып, +18 градусқа дейін көтерілді.


 Көктемнің лебі байқалысымен халық қыстық киімдерін шешіп, жеңіл киімдерін кие бастаған еді. 


Алайда бір күнде 20 см-ден аса қар жауып, күн бірден суытып кетті.


Қазгидрометтің болжамы бойынша, бүгін мезгілмен қар жауады деп күтілуде. 


Сондай-ақ ауа температурасы минус 18 градусқа дейін төмендейтіні де айтылды.



Фото: автордан
Загрузка...