Алматы, BAQ.KZ. Өткен жылдың тамыз айында Көші-қон қызмет орталығы ашылған. Осы уақытқа дейін онда мигранттардың жұмысқа кедергісіз тұру қағидаты бойынша рұқсаттар беріліп келеді. Бұл алаңда енді шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларды уақытша тіркеу қызметі де көрсетілмек. Бұл туралы қалалық ПД хабарлады.
«Осы жылдың қаңтар айында аталған орталықта еңбек мигранттарына 2258 рұқсат берілген. Оның ішінде міндетті рәсімдер, яғни ЖСН алу, медициналық сақтандыру, медициналық анықтама және тағы басқа қызметтер орталықтың өзінде көрсетілген. Орталыққа келетіндердің жеке басын куәландыратын құжаты мен миграциялық карточкасының көшірмесі болса болғаны. Мұндай ыңғайлы жағдайды қоғам жақсы бағалады. Орталықта шетелдік азаматтарды уақытша тіркеу қолға алынды, олар енді жұмысқа тұру және жеке тұлға рұқсатына қол жеткізеді», - дейді Көші-қон қызметі басқармасының басшысы Асқат Бүтінчинов.
Сондай-ақ, елімізде визалық-миграциялық портал да жұмыс істеп тұр, онда елімізге келген шетелдіктер онлайн режимде уақытша тіркеле алады екен.