Бас жаңалықтар
Алматыда көпбалалы аналарға құрмет көрсетілді
05 Наурыз 2019, 14:15 342

Алматыда көпбалалы аналарға құрмет көрсетілді

Астана, BAQ.KZ. Алматыда "Жақсылық жасаудан жарысайық!" атты қайырымдылық шарасы өтті. Көпбалалы отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі ата-аналар мен балаларға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған игілікті іске "Бизнес бастау" кәсіпкерлік мектебі ұйытқы болды.

"Бүгінде құны қымбат көлігімен, көздің жауын алатын көйлегімен, той-томалақтағы мол дастарханымен мақтанатын, сол арқылы абырой жинайтын жандардың қарасы көбейді. Өкінішке орай, қоғамдық құндылықтар өзгеріп, заман алмасты. Менің ойымша, жастар арасында мейірбандық, адамгершілік, жомарттық сынды қасиеттерді көпке үлгі ету үшін іс-шараларды көптеп өткізуіміз қажет. Мемлекет – ол билік ғана емес, ол әрбір азамат деп ойлаймын. Қоғамның әлжуаз топтарына көмек қолын созу – әрбір отандасымыздың парызы һәм жауапкершілігі. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында қолға алынған марафон осы ниетпен ұйымдастырылды", – деп атап өтті "Бизнес бастау" кәсіпкерлік мектебінің басшысы Ахметбек Нұрсила.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қайырымдылық шарасына әлеуметтік аз қамтамасыз етілген 700-ден астам адам қатысты. Марафон нәтижесінде жас кәсіпкерлер тарапынан жалпы сомасы 2 млн. теңгеден астам қаражат жиналды. Соның ішінде 20 көпбалалы отбасына қаржылай және 40 жанұяға материалдық тұрғыдан көмек көрсетілді. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі сәбилердің еміне де қаржылай көмек берілді. Сонымен қатар осындай көмекке мұқтаж отбасылардың арнайы тізімі белгіленіп, жас кәсіпкерлер алдағы уақытта оларға да қолұшын созбақ.

Сізден жаңалық