Алматыда ІІ Халықаралық жазушылар форумы өтеді

17 Қыркүйек 2019, 16:15
2628
Бөлісу:
Алматыда ІІ Халықаралық жазушылар форумы өтеді
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қазір сенің шығармаларың ағылшын тілінде болмаса, сен жазушы ретінде жоқсың. Сондықтан биылғы форумның тақырыбы аударма  мәселесіне арналып отыр. Бұл туралы форумды ұйымдастыру комитетінің төрағасы Бигелді Ғабдуллин брифинг кезінде айтты. 

Оның айтуынша, 25-27 қыркүйек күндері Алматы қаласында өтетін жазушылар форумы көркем аударма мәселесіне арналады және ол Қазақстан үшін өте маңызды. 

“Біздің жазушылар ұлттық әдебиетті жасайды, ал аудармашылар әлемдік әдебиетті жасайды. Қазіргі уақытта біздегі аударма мәселесі өте күрделі әрі маңызды болып отыр”, - дейді ол.

Фоумға жиырмаға жуық елден, оның ішінде Франция, АҚШ, Германия, Англия, Түркия, Қытай елдерінен белгілі жазушылар, публицистер, аудармашылар келеді. 

“Аударма жұмысы өте күрделі мәселе, Кеңес үкіметі кезінде Олжас Сүлейменов Жазушылар одағының бірінші хатшысы болып тұрғанда аударма бойынша редакция алқасы болатын. Ол жерде жиырма шақты аудармашы, журналистер жұмыс істеп дүние жүзінің ең керемет әдебиетін қазақ тіліне аударып, және қазақ тілінен шет тілге аударатын. Ол кезде орыс тілі арқылы біздің әдебиетіміз дүниежүзіне таралатын. “Прогрес", "Мир” деген баспалардан І.Есенберлин, М.Мағауин, Ә.Кекілбаев сынды қазақ жазушыларының еңбектері ағылшын, неміс тілдеріне аударылып басылып шығып тұратын”, - дейді Ғабдуллин. 

Сөз арасында ол неліктен аударма ісіне ден қойып отырғанын айтты. 

“Бірнеше жыл бұрын Борат жайлы фильм шыққанда оған жауап беретін мекеме де, адам да болмады. Бұл біздің қазақ ПЕН клубына сын болды. Сондықтан біз өзіміздің керемет жазушыларымыздың еңбегін шет тілдеріне аударсақ деген мақсат қойдық, оның ішінде ағылшын тіліне аударуды қолға алдық. Өкінішке қарай сенің шығармаларың ағылшын тілінде болмаса, сен жазушы ретінде жоқсың. Сондықтан бес жылдың ішінде біз Мұқағалидан бастап, Б. Соқпақбаев, О.Сүлейменов, Ә.Нүрпейісов, Ә.Кекілбаев, О.Бөкеев, Г.Белгер, С.Мұратбеков сынды мықты ақын, жазушыларымыздың еңбегін аударып, Америка мен Англияда шығардық”, - деді ол.
Өзгелердің жаңалығы