Алматыда грек-рим күресінен «Болат Тұрлыханов кубогі» басталады

23 Мамыр 2019, 16:05
2752
Бөлісу:
Алматыда грек-рим күресінен «Болат Тұрлыханов кубогі» басталады
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматыдағы «Балуан Шолақ» спорт сарайында білекті балуандар бас қосады. 24-26 мамыр күндері грек-рим күресінен «Болат Тұрлыханов кубогі» халықаралық турнирі 25-ші рет жалауын көтермек, деп хабарлады Olympic.kz. 

Дүбірлі сынға еліміздегі ұлттық құрама көшбасшылары мен облыс командалары, сондай-ақ, Ресей, Армения, Грузия мемлекеттерінен әлем және Олимпиада ойындарының жүлдегерлері мен жеңімпаздары қатысады 

Турнирге жалпы есебі 13 елден спортшылар келеді деп күтілуде. Атап айтар болсақ, Армения, Беларусь, Ресей, Молдова, Украина, Грузия, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Моңғолия, Иран және Болгария балуандары Алматы кілемінде өзара мықтыны анықтайтын болады. 

Қазақстаннан ұлттық құрама спортшылары мен облыс командасының мүшелері қатысады. Олардың қатарында, 97 келіде белдесетін Ерұлан Ысқақов та бар. 

Алматыда грек-рим күресінен «Болат Тұрлыханов кубогі» басталады

«Болат Тұрлыхановтың кубогіне қатысу үшін дайындықты Шымкентте өткіздік. Он күнге созылған оқу-жаттығу жиындарынан соң Алматыға келген жайымыз бар. Бұл турнир мен үшін өте қызық болғалы тұр. Өйткені, өз салмағымдағы әлем үздіктерінің басым көпшілі келе жатыр. Атап айтар болсам, армениялық балуан, Олимпиада чемпионы Артур Алексанян, 2013 жылғы әлем, 2016 жылғы Еуропа чемпионы, ресейлік Никита Мельников, 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында екі мәрте топ жарған Александр Головин бар. Бұлардың бәрі де «сен тұр, мен атайын» деген мықтылар. Өзім осы турнирге екінші рет қатысқалы отырмын. Былтырғы бәсекеде жеңіліс таптым. Биыл намысқа тырысып, үздіктермен тең дәрежеде күресу үшін барымды саламын», - деді Ерұлан Ысқақов. 

Грек-рим күресінен «Болат Тұрлыханов кубогі» халықаралық турнирінде бақ сынайтын Қазақстан командасының тізімі мынандай: 

60 келі салмақта

Қорлан Жақанша, Мейрамбек Айнағұлов, Ернар Фидахметов, Жансерік Сәрсембиев, Айдос Сұлтанғали;

67 келі салмақта

Алмат Кебіспаев, Әділхан Сатаев, Нұртай Нұрғалиев, Данияр Қаленов, Құдайберген Тұрсынов;

Алматыда грек-рим күресінен «Болат Тұрлыханов кубогі» басталады

77 келі салмақта

Асхат Жаңбыров, Асхат Ділмұхамбетов, Ибрагим Магомедов, Темірлан Шадукаев;

87 келі салмақта

Азамат Құстыбаев;

97 келі салмақта

Әлімхан Сыздықов, Ерұлан Ысқақов;

130 келі салмақта

Дамир Күзембаев, Мансұр Шадукаев.

Турнирге Ресей құрамасы сапынан әлем чемпиондары Никита Мельников, Александр Головин (97 келі), Рамазан Абачараев (77 келі), әлем және Еуропа чемпионы Александр Чехиркин (77 келі), Олимпиада чемпионы Давит Чакветадзе (87 келі) және Олимпиада ойындарының жүлдегері Мингиян Семенов (60 келі) қатысады. 

Сондай-ақ, үш дүркін әлем чемпионы, Рио Олимпиадасының жеңімпазы, армениялық Артур Алексанян да Тұрлыханов турнирінде бақ сынайды. 


Өзгелердің жаңалығы