Алматыда «Егемендігім – мерейім» атты сурет көрмесінің тұсаукесері өтті

21 Сәуір 2021, 14:42
2399
Бөлісу:
Алматыда «Егемендігім – мерейім» атты сурет көрмесінің тұсаукесері өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Алматыда Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архив» РММ-де жаратылыстану ғылымдарының PhD докторы, суретші Жұмаділхан Керімбектің  «Егемендігім - мерейім» атты сурет көрмесінің тұсаукесері өтті. 

Көрме «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы: өткенге қарап болашаққа сенімді қадам басу» тақырыбымен өткізілген республикалық дөңгелек үстел аясында таныстырылды. Карантиндік талаптарды сақтау мақсатында дөңгелек үстелге ҚР Ұлттық архиві, Қарағанды облысының және Нұр-Сұлтан, Алматы қаласы мемлекеттік архивінің мамандары, ғалымдар мен тарихшылар, магистранттар оффлайн-онлайн, яғни аралас форматта қатысты. Жиынды ашқан архив директоры Баян Жұматаева Тәуелсіздіктің 30 жылдығы бұл болашаққа тың серпінмен қадам басу үшін өткенге тағы бір мәрте орала отырып, жетістіктеріміз бен арман-мақсаттарымызды айқындайтын кезең екенін атап өтті. 

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда қоғамның мәдени өмірінде, тарихи сананы жаңғырту жолында көптеген елеулі іс-шаралар атқарылды. Әсіресе төл тарихымызға қатысты рухани мұраларымызды жинастыру мен зерделеуде отандық архивтер бірталай жетістіктерге қол жеткізді. Алыс-жақын шетелдік архивтерден қазақ тарихына қатысты құжаттарды елге әкелу жұмыстары «Архив - 2025» бағдарламасы аясында әлі де өз жалғасын табуда. Құжаттарды цифрлық форматқа көшіру жұмыстары да күн тәртібінен түскен жоқ, - деді Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архивінің директоры Баян Жұматаева. 

Бұдан кейін дөңгелек үстелге қатысушылар республикадағы архив ісінің жетістіктері, перспективалары мен өзекті мәселелері, тарихи сананы жаңғырту жолындағы ел архивтерінің рөлі туралы баяндамалар оқып, ой-пікірлерін ортаға салды. Бұдан бөлек, іс-шара аясында қатысушылардың назарына «Тәуелсіздік - тұғырым» тақырыбында архив құжаттары негізінде дайындалған көрме ұсынылды.

Өзгелердің жаңалығы