Алматыда буын алмастыру операциялары медсақтандыру есебінен жасалып жатыр

7 Қазан 2021, 11:55
5119
Бөлісу:
Алматыда буын алмастыру операциялары медсақтандыру есебінен жасалып жатыр

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматылық дәрігерлер 90 жастағы науқастың жамбас буынын алмастырды. Операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен жасалды.

Алматы қалалық №4 аурухананың эндопротездеу бөлімі меңгерушісі Манарбек Әубәкіровтің айтуынша, зейнеткер автобустан құлап жарақат алған. Дәрігерлер бірден жамбас сүйегінің жабық субкапиталды сынығы деген диагноз қойыпты. 

Ауруханаға түскен кезде пациент жамбасының ісіп кеткенін, қатты ауыратынын айтып шағымданды. Сонымен қатар қимыл-қозғалысы қиындап, жүріп-тұрудан қалған. Қабылдау бөлімінде оны кешенді тексеруден өткіздік, терапевт, травматолог, анестизиологтан құралған мультидисциплинарлық команда қарады, - деді Манарбек Әубәкіров.

Жасы тоқсанды алқымдаған Вера Иннокентьевна Ким отаның бұл түрі жайлы жақсы біледі. Сондықтан ол операция жасауға бірден келісім берген.

Базардан қайтып келе жатып автобусқа міндім. Түсерде аяғым тайып кетіп жолдың жиегіндегі тасқа құладым. Сөйтсем жамбас сүйегім сынған екен. Бірден жедел жәрдем шақыртып, олар мені 4-ауруханаға жеткізді. Дәрігерлер қарап шыққаннан кейін ота жасау қажеттігін айтты. Балаларым да бірден келісті. Операция тез, жақсы жасалды. Содан бері міне, бір апта өтті, қазір аяғымды басып жүремін. Қартайған шағымда осындай қуаныш сыйлаған дәрігерлерге ризамын, - дейді кеуана.

Буын алмастыру жалпы құны 1,5 млн теңгеден басталатын жоғары технологиялық операциялар қатарына жатады. Ота зейнеткерге МӘМС пакеті шеңберінде тегін жасалыпты. 

Эндопротездеу соңғы жылдары көп жасалып жүрген манипуляциялардың бірі. Себебі ол буыны ауыратын сырқаттың ауруын жеңілдетіп, емін-еркін жүріп-тұруына мүмкіндік береді.

Медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, сақтандырылған тұрғындар жоғары технологиялардың көмегімен жасалатын қызметтерді, КТ, МРТ сынды консультативтік-диагностикалық қызмет түрлерін, реабилитациялық көмекті тұрақты түрде пайдаланып келеді.

МӘМС пакетінің ауқымы кең. Сақтандырылған азаматтар көпшіліктің қалтасы көтере бермейтін осындай ота түрлерін жасату қажет болған жағдайда медициналық қызметті көп шығындалмай, кедергісіз пайдалана алады. Сондықтан барша азаматтарды сақтандыру жүйесіне қатысуға шақырамын, - деді филиал директоры.

Өзгелердің жаңалығы