Алматыда бір жасқа дейінгі балалар арасында вирус жұқтыру артқан

9 Сәуір 2021, 16:50
1658
Бөлісу:
Алматыда бір жасқа дейінгі балалар арасында вирус жұқтыру артқан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы Санитария-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова онлайн брифингте айтты.

Жыл басынан бері бір жасқа дейінгі балалардың коронавирус жұқтыруы артқан. Қаңтар айында онға жуық бала қауіпті індетті жұқтырса, қазір 60-тай бала емделуде. Бұл Алматы аумағында вирустың мутацияланған түрінің пайда болуымен байланысты. Екіншіден, вирустың отбасы мүшелері арқылы тарауы себеп болып отыр, - дейді ол.

Сонымен қатар ол Алматыда коронавирусты жұқтыру бұрынғыдай адам көп жиналатын жерде болып отырғанын жеткізді.

Ол - сауда орындары, жұқтырудың 23 пайызы осы жерлерде болған. Сондай-ақ үйлер арасында орналасқан дүкендерде, қоғамдық көлікте, жұмыс орнында жұқтыру жоғары. Яғни ЖК мен ЖШС-тегі жұмыс орнында жұқтыру жоғары болып тұр. Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысында жұмысшылардың 80%-ын қашықтан жұмыс істеуге жіберу айтылған. Бірақ бұл талап сақталмай отыр, - дейді Әсел Қалықова.

Эпидемиолог сөз соңында қалыпты өмірге тез оралу үшін қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауымыз керек дегенді айтты.

Егер бұл вирустан құтылып, қалыпты өмірге оралғымыз келсе, маска тағу режимін сақтап, қауіпсіздік шараларын сақтауымыз керек. Оған қоса халық вакцина салдырудан бас тартпауы керек. Бұл, бірінші кезекте, жақындарын вирустан сақтау үшін қажет, - дейді ол.

Айта кетсек, бүгін Алматыда коронавирус жұқтырған 717 науқас тіркелген.



Өзгелердің жаңалығы