Бас жаңалықтар
Қазақ халқынан кешірім сұрауын талап етеміз! – Алматы жастары АҚШ бас консулдығына барды
PHOTO VIDEO
23 Қазан 2020, 13:32 2542

Қазақ халқынан кешірім сұрауын талап етеміз! – Алматы жастары АҚШ бас консулдығына барды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Азамат Жолдамбаев, Мақсат Мамадияров бастаған бірнеше қазақтың намысшыл жастары «Борат-2» фильміне наразылықтарын білдіріп, Алматы жастары АҚШ-тың бас консульдығына барды.

Кеше желіде жалаңаштанған ер адамдар айналасына Қазақстан туын іліп қойып билеп жүрген бейне тараған еді. Аустралияда түсірілген бейнеден Борат фильмінде басты рөлді сомдайтын Саша Коэнге ескерткіш орнатылғанын. Сондай-ақ еліміздің көк байрағын таптап жатқанын көруге болады.


Намысшыл жастар консулдық алдында петицияда не жазылғанын таныстырды. 


Қазақтың намысшыл, патриот жастары қазақ ұлтын масқаралап, еліміздің абыройын түсіріп, тарихымызға, мәдениетімізге орасан зор нұқсан келтіріп отырған Саша Барон Коэннің «Борат-2» фильмінің шығуына түбегейлі қарсы екенін жеткізеді. Сайқы мазақ түсірген аталған фильм АҚШ-тың Amazon.com платформасы арқылы тарап, халыққа көрсетілуде. Сол себепті егемен елдің намысты жастары ретінде АҚШ-тың елшілігі тарапынан қатаң шара қолданып, актердің және барша ұйымдастырушылардың қазақ халқынан кешірім сұрауын талап етеміз, - делінген жастардың үндеуінде.  

Намысшыл жастар еліміздің Сыртқы істер министрлігі бұл іске қатысты әрекетсіз отырғанына наразы екендіктерін білдірді.


СІМ бұл жағдайды қолға алу керек. Себебі қазір үндемесек, ертең бұл тағы жалғасын табуы мүмкін. Сондықтан бұны қазірден қолға алу керек. Бұл Қазақстан жастарының СІМ-ге деген өтініші, - дейді намысшыл жастардың бірі Мақсат Мамадияров.

Қазіргі сәтте 45 адам петицияны қолдап, қол қойған.  

Жиынға келген жастар арасынан екі адамды қабылдаған бас консул петицияны қарап шығып, тиісті шара қолдануға уәде беріпті. 

Бүгін Лондон қаласында Саша Коэннің тағы бір мүсіні пайда болды. Онда жалаңаш жатқан актер бұтына Қазақстан туын лыпа етіп киген. 

Осы жағдайлардан кейін әлеуметтік желі қолданушылары жаппай наразылық танытып, «Мен туымды мақтан етемін» атты патриоттық акцияны жүргізуде.

Бұған дейін Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова «Борат-2» фильмінің жарыққа шығуына байланысты пікірін білдіріп, фильм оның да намысына тиетінін айтқан еді.


Фото: дереккөз
Загрузка...