Алматыда бастауыш сыныптың 20 мыңнан астам оқушысы мектепке барып оқитын болды

3 Наурыз 2021, 12:18
1294
Бөлісу:
Алматыда бастауыш сыныптың 20 мыңнан астам оқушысы мектепке барып оқитын болды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы Білім басқарма басшысының орынбасары  Қайрат Жұманов онлайн брифингте айтты.

Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 2021 жылғы 2 наурыздағы №6 Қаулысына сәйкес 1-5 сынып оқушылары ата-аналарының өтініші бойынша мектепке барып оқитын болды. Алайда сыныптағы балалар саны 25 оқушыдан аспау керек және санитарлық-эпидемиялық режим қатаң сақталуы қажет. Ал, халықаралық мектептерде 1-7 сыныптар аралас оқыту форматына көшірілді.

Бүгінгі таңда мектептерде аралас оқытуға 1-4 сыныптардан - 19 050 оқушы, 5 сыныптың – 1593 оқушысы көшті. Білім беру ұйымдары әкімшілігінің шешімі бойынша сабақтан тыс уақытта 15 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқытуға рұқсат етілген,-деді Жұманов. 
Алматыда 287 мыңнан астам оқушыны қамтып отырған 278 мектеп бар. Оның 207-сі мемлекеттік мектеп болса, 71-і жеке меншік. 

Айта кетсек, 2020-2021 жылғы оқу жылы басталғалы оқушылардың басым көпшілігі пандемияға байланысты қашықтан оқыту форматында білім алған еді. Тек, ата-ананың өтініші бойынша бастауыш сыныптарда кезекші топтар ашылған.

Оқу жылының екінші тоқсаны аяқталғанда 9-11-сынып оқушыларына мектепке барып оқуға рұқсат берілді.

Өзгелердің жаңалығы