Алматыда азық-түлік бағасын тұрақтандыру қалай жүріп жатыр

29 Қараша 2021, 17:16
921
Бөлісу:
Алматыда азық-түлік бағасын тұрақтандыру қалай жүріп жатыр

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Қиқымов Өңірлік коммуникация қызметі алаңында өткен брифингте бағаны тұрақтандыру мен кәсіпкерлерге көрсетілген қолдау шаралары туралы айтып берді.

Жиын барысында әкімнің орынбасарына азық-түлік бағасының өсуіне не әсер етіп отыр деген сұрақ қойылды.

Қиқымовтың айтуынша, бағаның өзгеруіне маусымдық науқан әсер етеді.

Көкөністі алсақ, оның бағасы маусымдық сипатқа ие. Мәселен, қырыққабатты алайық. Қазір Түркістан облысындағы шаруалар өнімнің барлығын жинап алды. Енді оны қоймада сақтау керек. Мұның барлығы бағаға әсер етеді, яғни әр ай сайын қырыққабаттың бағасы өсіп отырады. Оның үстіне Ресейде көкөніске сұраныс жоғары болып тұр. Біз баға шарықтап кетпес үшін алдын ала аграрлық компаниямен келіссөз жүргіздік, жыл басында олар бізден жеңілдігі бар қарыз алды. Олар Алматы қаласы үшін шаруалардан белгіленген мөлшерде көкөністі алдын ала жинап қойды. Енді соны жеткізіп отырады. Яғни сәуір айына дейін «Магнум» сауда желісінде қырыққабаттың келісі 90 теңге мөлшерінде болады,-дейді Мақсат Қиқымов.

Сондай-ақ ол пандемия кезінде қаладағы кәсіпкерлік субектілері үшін бірқатар қолдау шарасы іске асырылғанын жеткізді. Оның негізгісі кәсіпкерлерді салықтан босату, несиесін төлеуді кейінге қалдыру, жалға алу төлемінен босату болған.

Ең қиыны 2020 жыл болды, бұл кезеңде салықтық босаңсытуды 74 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субектісі пайдаланған. Бұл 24 млрд теңгеге жуық қаржы. Кредитін кейін төлеу жеңілдіген 3 мың кәсіпкер пайдаланған. 1 мыңнан астам кәсіпкер жалға алу және коммуналдық төлемнен босатылған. Ал, биыл кредитті кейін төлеу мүмкіндігіне 172 кәсіпкер ие болған, сондай-ақ қаңтар-маусым аралығында 350-ге жуық кәсіпкер жалға алу төлемінен босатылған,-деді ол.

Оған қоса ШОБ-ті қолдауға арналған «Еңбек», «Бизнестің жол картасы 2025», «Қарапайым заттар экономикасы», «Алматы бизнес – 2025» бағдарламалары іске асып жатыр. Сондай-ақ Алматы әкімдігінің бастамасымен бір терезе қағидаты бойынша жұмыс істейтін «Qoldau» орталығы іске қосылған.

Өзгелердің жаңалығы