Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыдағы Республика сарайында қала әкімі Бауыржан Байбектің тұрғындармен есептік кездесуі өтіп жатыр.
Алматы қаласының жай-күйі әрқашанда ерекше бақылауда болатынын айта келе қаланың әлеуметітк жағдайына тоқталып өтті.
«Табысы төмен көп балалы отбасылардың жағдайы күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Қазір әлеуметтік жіктелу мен табыстың төмендігі әлемнің көптеген елдеріне тән ахуал екені белгілі. Жер шарының түкпір-түкпірінде жұмыс орындары қысқартылды, БҰҰ мәліметі бойынша, 1 млрд астам адам кедейшілікте өмір сүруде. Оның басты себептерінің қатарында бей-берекет көші-қонмен жұмыссыздықты, салықтың көбеюін, жалпы қаржылық дағдарысты атауға болады. Кейбір елдерде қартаю деңгейі жоғары болса, керісінше басқа елдерде бала туудың көптігі де өз әсерін тигізуде. Тыныш жатқан Еуропаны популистік урандарды жалаулатқан наразылық акциялары шарпыды. Жалпы қоғамның әлеуметтік сұранысы артуда, бұл дүниежүзінде болып жатқан үрдіс және ол Қазақстанға ықпал етпей қоймайды. Бұл әсіресе өмір сүру сапасы жоғары ірі қалаларға тән. Еуропаны шарпыған наразылық шаралары экономиканың құлдырауына әсер ететіні бар. Елдің шырқы кетіп, мемлекеттер өз міндеттерін орындау қабілетін жоғалтып отырғанын көріп отырмыз. Наразылық шаралары мәселені шешпейді, керісінше ұшықтыра түседі. Сондықтан барлық мәселелі сұрақтарды ынтымақтаса отырып, салиқалы түрде шешуіміз керек»,- деді ол.
Жиынға Премьер-министрдің әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасары Ербол Досаев, Білім және ғылым министрлігі және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері қатысуда.