Бас жаңалықтар
Алматыда 600 шақырымнан астам инженерлік желілер жаңарады
04 Сәуiр 2019, 20:17 777

Алматыда 600 шақырымнан астам инженерлік желілер жаңарады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы әкімі Бауыржан Байбек қаланың инженерлік коммуникацияларын салу және реконструкциялау мәселелері бойынша жұмыс кеңесін өткізді.

Жақында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлер әкімдерімен өткізген кеңес барысында халықтың жақсы өмір сүруіне тікелей ықпал ететін инфрақұрылымдық сипаты бар жүйелі мәселелерді шешуге айрықша назар аудару қажеттігін атап өткен еді. ТҮКШ саласындағы бұл проблемалар - жылу, сумен қамту жолдар, газдандыру, экология және қауіпсіздік.

Қаланың коммуналдық инфрақұрылымын жаңарту барысында соңғы бірнеше жыл ішінде ғана 2 мың километрге жуық инженерлік коммуникация жөнделді. Биылғы жылы тағы 618 км желіні салу және жөндеу жоспарланған, оның ішінде 160 км электр, 223 км газ, 10 км жылу желілері жаңарады. 52 мыңнан астам қала тұрғындарын сапалы сумен және оны тартумен қамтамасыз ету үшін 12 км су құбырының және 105 км кәріздің құрылысы аяқталады.

Наурызбай ауданында 107,5 км су құбырын және 81 км су тартудың, Ақсай мен Қарғалыдағы фильтрлі тазартқыш екі стансаны салудың ЖСҚ жасалуда. Құрамыс, Таужолы, Жайлау елді мекендерінде су желілерін салудың ЖСҚ дайын. Бұл жобаларды жүзеге асыру биылғы жылы басталады және 140 мыңға жуық тұрғын сапалы сумен қамтамасыз етіледі.

Қалаға қосылған елді мекендердегі 28 мыңнан астам тұрғынды сумен және кәрізбен қамтамасыз ету үшін бұрын 560 км инженерлік желілер салынып, реконструкцияланды. Дегенмен, комиссиялардың барып тексерулерінің және қала тұрғындарының әкімдіктің электронды «Open Almaty» қоғамдық қабылдауына түскен шағымдарының негізінде мердігерлік ұйымдардың өз міндеттеріне немқұрайды қарап, жұмысты сапалы атқармағандары анықталды.

Қала әкімі тиісті ведомстволар тарапынан қатаң бақылау жасауды, бір ай ішінде кемшіліктерді жоюды, өткен жылдың өтпелі объектілерін 30 шілдеге дейін іске қосуды тапсырды.

Қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық мердігерлік ұйымдар жұмыс кезінде арнайы қоршаулар мен өтпелі траптар, белгілер, байланыс нөмірлері жазылған паспорттар орнатулары тиіс. Әр учаскенің нақтылы мерзімі, мұнда жұмыс жасайтын техникалар мен жұмысшылар саны белгіленген. Егер мердігерлер нормаларды сақтамайтын болса, онда айыппұл санкциялары салынады.

Алматы әкімі жөндеу жұмыстары кезінде өтініштерді жедел қарау мақсатында бұрыннан бар кері байланыс каналдарымен қоса әр аулада танымал мессенджерлерде тұрғындармен бірге арнайы чат-топтарын құруды, олардың құрамына аудан әкімдіктерінің, басқармалар мен мердігерлік ұйымдардың жауапты өкілдерін енгізуді тапсырды.

Айта кетерлігі, бұрын «Нұр Отан» партиясы қалалық бюросының отырысында Бауыржан Байбек мегаполистің шет аймағындағы жолдарды абаттандыру, салу және жөндеу жұмыстарының қарқынын күшейтуді тапсырған еді. Мысалы, Алатау ауданындағы «Ақбұлақ», «Қарасу», «Ұлжан-2», «Алғабас-АЗТМ», «Әйгерім-1», «Әйгерім-2», «Ұлжан-1», «Шаңырақ-1», «Шаңырақ-2», «Томирис», «Дархан-Байбесік», «Көк Қайнар» ықшам аудандарында ұзындығы 120 км болатын 440 көшеде жолды жөндеу және салу жұмыстары басталды.

Бұлардан өзге, қаланың барлық көпқабатты үйлерінің 50%-ын қамти отырып, тағы 680-нен астам ауланы жөндеу жоспарланған. Сәуірдің ортасынан бастап 120-дан астам көше орташа жөнделеді, жергілікті жерде өсірілген 12 мың ағаш отырғызылады. Қаланың шет аймағындағы саябақтар, скверлер мен жүргінші аймақтары абаттандырылады.

Жалпы, 2015 жылы көпшіліктің қатысуымен талқыланған «Алматы-2020» қалалық даму Бағдарламасы барысында мегаполисте тарихи орталықтың 60%-ы, 600-ге жуық көше,1400-ден астам ескі аулалар жөнделді. Қаланың барлық жер асты өтпелі жолдары қайта жасалды. Көшедегі жарық көздерінің үштен бірі диодты және энергия жинақтағыш шамдарға ауыстырылды, 300 км арық жаңарды.


Фото: дереккөз
Загрузка...