Бас жаңалықтар
Алматыда 5G желісі қай аумақта іске қосылғаны белгілі болды
11 Қазан 2021, 16:15 2782

Алматыда 5G желісі қай аумақта іске қосылғаны белгілі болды

Алматы, BAQ.KZ. 5G желісі Алматыда қазір белгілі бір аймақтарда ғана қолжетімді. Олардың бірі – қала тұрғындары жиі серуендейтін Панфилов көшесі. 

Бұл туралы Almaty.tv хабарлады.

Бүгінде 5G желісі әлемнің 42 елінде қолжетімді. Ол алдыңғысымен салыстырғанда 10 есе жылдам жұмыс істейді. Бұл желінің ауқымы кеңейсе, цифрландыру, денсаулық сақтау, өнеркәсіп салаларының жұмысын едәуір жеңілдетпек. Ұялы байланыс компаниясы мамандарының айтуынша, 5G-дің құрылғыға бір секундта бір толық метражды фильмді жүктеуге қауқары жетеді.

5G желісі Алматыда қазір белгілі бір аймақтарда ғана қолжетімді. Олардың бірі – қала тұрғындары жиі серуендейтін Панфилов көшесі. Абай атындағы Қазақ ұлттық академиялық опера және балет театры мен Қарасай батыр көшесі аралығында 5G желісін қолдайтын ұялы телефон арқылы әлемдегі ең жылдам интернетті сынап көруге болады.

5G осы аптадан бастап Медеуде іске қосылады. Оны министрліктің қолдауымен отандық ұялы операторларының бірі қолға алған. Қалалық Цифрландыру басқармасының сөзінше, мемлекет тестілеуге арналған жиілік диапазонын ұлғайтуға мүмкіндік берген. Ал ары қарай желі ұстайтын аумақты кеңейту ұялы байланыс операторларының қолында.

Бейжің, Шанхай, Сеул сынды алып қалаларда 5G желісін, сондай-ақ басқа да жаңа технологияларды енгізу қарастырылуда. Біз үшін де ең маңыздысы – қаланың технологиялық дамуы мен тұрғындар үшін сапалы қызметтер ұсынуға жағдай жасау. Осы орайда бізді ұялы байланыс операторлары қолдап отыр, – дейді қалалық Цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев.
Ал ғаламторда 5G желісі стансасынан тарайтын электромагниттік сәулелер қатерлі ісік пен аутизмді тудырады деген ақпарат тараған. Тіпті дәл осы мобильді интернет коронавирустың жайылуына ықпал етті деген мәлімет те болды. Бірақ бұл қауесеттерді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жоққа шығарды.
Біздің компанияға шағымдар келіп түсіп жатады. Жақында «Үйіміздің жанына 5G мұнарасын орнатыпсыздар. Содан бүкіл отбасымызбен ауырып қалдық. Үш балам мен үйдегі қариямыз өзін жайсыз сезініп жатыр» деген хат келді. Кейіннен ол үйде мұнара қойылмаған болып шықты. Тұрғындардың мұндай қате пікіріне әлеуметтік желілердегі жалған ақпарат себеп болған сияқты, – деді ұялы байланыс компаниясының қоғаммен байланыс бөлімінің директоры Евгения Бекболатова.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі өткен аптада екі қалада 5G желісі тестілеуден өтіп жатқанын хабарлаған еді. Бағдат Мусин әлеуметтік желідегі парақшасында сынақтардың жақсы нәтиже көрсеткенін жазды. 

Айта кетсек, сынақ кезеңі 31 желтоқсанға дейін жалғасады.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...