Алматыда 545 түлек "Алтын белгі" иегері атанды

25 Мамыр 2020, 14:53
1372
Бөлісу:
Алматыда 545 түлек "Алтын белгі" иегері атанды

Алматы, BAQ.KZ. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев мектеп түлектеріне ақ жол тіледі. Бүгін мектеп түлектері үшін ең маңызды күн. Алматыда 9299 мектеп түлегі үлкен өмірге қанат қақты. Соның ішінде 545 түлек — "Алтын белгі" иегері, 714 оқушы оқу озаты атанды, деп жазды әкім Facebook парақашасында.


Сонымен қатар, ол биыл мектептерде соңғы қоңырау алғаш рет онлайн түрде соғылғанын, мектеп директорлары мен ұстаздар бұл күннің сән-салтанатын келістіріп, сезіндіру үшін қолдан келгенін жасағанын жазды. Төртінші тоқсанда сабақтар қашықтан өтті. Оқу процесінің үзілмеуі үшін жедел шаралар қолға алынған.
Құрметті ұстаздар, оқушылар және олардың ата-аналары! Біз қиын сәтті бірлесе еңсере білдік. Тәжірибе жинақтадық. Бұл — болашақтағы заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажет тәжірибе. Биылғы түлектер мектепті онлайн тәмамдаған пионерлер болды. Қолайсыз жағдайда да білімге ерекше құштарлық таныттыңыздар. Балаларға қолдау көрсеткен ата-аналарға мың алғыс. Өз міндеттерін мүлтіксіз атқарған мұғалімдерге рахмет,-деп жазды әкім.

Әкім сондай-ақ биыл мектеп бітіріп жатқан түлектерге жылы лебізін білдіріп, ақ жол тіледі.
Құрметті түлектер! Өмірлеріңіздің жаңа парағын ашқалы тұрсыздар. Білім көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік көп. Қай мамандықты таңдасаңыз да, сол мамандықтың білгір маманы болып шығуға тырысыңыздар. Табандылық — арман мен мақсатыңа апарар алғашқы қадамың. Оқушының жетістігі — ұстаздың абыройы, еңбегінің нәтижесі. Ақ жол!,-деді Сағынтаев.

Өзгелердің жаңалығы