Шекара қызметінің 54 курсанты індет жұқтырған

17 Сәуір 2020, 14:01
2382
Бөлісу:
Шекара қызметінің 54 курсанты індет жұқтырған

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев бирфинг барысында айтты. Оның айтуынша, вирус жұқтырған курсанттардың барлығы қазір бекітілген хаттама бойынша ем-дом қабылдап жатыр.

Шекара қызметіндегі курсанттардың арасында алғаш 14 адамнан коронавирус табылды. Кейін тексеріс жүргізгенде олардың саны 54-ке жетті. Олардың барлығы қаладағы жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған, жағдайлары қанағаттанарлық,-деді ол.  
Сонымен қатар, ол инфекция жұқтырып әрі өмірге дені сау бала әкелген әйелдің денсаулығына қатысты түсінік берді.
Осы жылдың 13 сәуірінде әйел жүктіліктің 39 аптасында №1 қалалық клиникалық ауруханасына жеткізілген. Ол әйелден коронавирусқа қарсы талдаулар алынып, оң нәтижесі анықталды. 15 сәуір күні дәрігерлер оған кесер операциясын жасап, босандырып алды. Нәтижесінде 3,5 келіден асатын бала дүниеге келді. Бұл науқастың екінші босануы болды. Әйелдің жағдайы қазіргі таңда қанағаттанарлық, ал нәрестенің талдауларынан инфекция анықталмады. Сондықтан баланың дені сау деп есептелінеді. Нәресте қазір балалар бөлімшесінде жатыр, ал анасы жақын арада инфекциялық стационарға ауыстырылады. Тек жазылып шыққан соң ғана баласымен бірге болады,-деді Әбілдаев. 

Сонымен қатар, ол қалада науқастардың өкпесін тексеретін томографиялық аппараттардың жеткілікті деңгейде бар екенін жеткізді.
Қазіргі таңда Алматыда вирус жұқтырған науқастардың өкпесін түсіретін 33 компьютерлік томография бар. Оның 14-і қалалалық мемлекеттік медициналық мекемелерде, қалғаны жекеменшік мекемелерде. Алматыда тыныс алу аппаратына қосылған бір науқас бар, ол ауыр халде жатыр,-деді ол. 
Оның айтуынша, бүгін Орталық қалалық клиниканың 10 қызметкерінен коронавирус анықталып, ауруханаға жатқызылған. Бұл аурухана карантинге жабылған, сондықтан ондағы науқастар да, қызметкерлер де 14 күндік карантинде.



Өзгелердің жаңалығы