Алматыда 300 мыңға жуық адам табыссыз қалды

17 Сәуір 2020, 15:16
1867
Бөлісу:
Алматыда 300 мыңға жуық адам табыссыз қалды

Алматы, BAQ.KZ. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев өнеркәсіптік кәсіпорындар мен құрылыс компаниялары басшыларымен 20 сәуірден бастап жұмысты қайта жандандыру мәселелерін талқылады.

Онлайн режимінде өткен кездесудің басты мәселесі – қызметкерлердің санитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың коронавирустық инфекцияны жұқтырып алмауына жағдай жасау.

Белгілі болғандай, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік комиссияның шешімімен өнеркәсіптік және құрылыс секторлары мен ілеспе қызметтер көрсететін компаниялар кәсіпорындарының қызметін кезең-кезеңімен қайта жаңғырту туралы шешім қабылданды.

Бұл үдерісті біз 20 сәуірден бастап бастауды жоспарлап отырмыз. Ең бастысы – қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және денсаулығын қорғау жөніндегі санитариялық-эпидемиологиялық ережелерді қатаң сақтауды назарға алу керек, - деді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Сондай-ақ, ол заңбұзушылықтар анықталған жағдайда кәсіпорындарға елдегі төтенше жағдай аяқталғанға дейін жұмыс істеуге тыйым салынатынын атап өтті.

Алдағы екі-үш күн ішінде әкімдік пен "Атамекен" ҰКП және Тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау комитеті департаментінің өкілдері кірген комиссия кәсіпорындардың дайындығын тексереді. Басты назар жеке қорғаныс құралдарының, санитайзерлермен жабдықталуына, өндірістік және кеңсе үй-жайларын өңдеуге, кіреберістегі қызметкерлердің дене қызуын бақылауға және санитариялық қорғауды қамтамасыз етудің басқа да шараларына аударылатын болады.

Жекелеген салалар бойынша арнайы әзірленген хаттамаларда көрсетілген талаптарға сәйкес келген кезде қызметке рұқсат беретін акт берілетін болады. Тұрақты мониторинг кезінде заң бұзушылықтар анықталған жағдайда акт кері қайтарылып, қызметі тоқтатылады.

Кәсіпорын басшылары өз пікірлерін айтып, жұмысты жаңа жағдайда бастауға және өз қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайын екендіктерін білдірді. Олар әкімдік пен Жедел штаб қабылдаған, қатаң санитариялық-эпидемиологиялық ережелерді сақтай отырып, қаланың экономикалық белсенділігін қалпына келтіруге бағытталған шешімдерді қолдады. 

Ең бастысы – біздің қызметкерлердің өмірі мен денсаулығы, - деді өнеркәсіп және құрылыс салаларының басшылары.

Бұған дейін хабарланғандай, Алматыда жұмыспен қамтылғандар саны 728 мың адамға қысқарды. Олардың ішінде 200 мың адам қашықтан жұмыс жасау режиміне көшкен, негізінен қаржы секторында, сондай-ақ білім беру, мемлекеттік басқару, ақпарат және байланыс салаларында жұмыс істейді. Салдарынан 300 мыңға жуық адам уақытша табыссыз қалды.

20 сәуірден бастап өнеркәсіп кәсіпорындарының, құрылыс саласындағы компаниялардың, құрылыс материалдарының көтерме сауда нарығының жұмысын іске қосу жоспарлануда. Сондай-ақ, алдын ала жазылу бойынша нотариустар және Алматының Наурызбай ауданындағы ХҚКО-ның бір кеңсесі тек бизнеске қызмет көрсету үшін жұмыс істейді. 

Осы саладағы кәсіпорындарды іске қосу бір ай ішінде жұмыспен қамтылған халықтың санын қосымша 90 мың адамға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл ретте жұмыс берушілер қатаң санитариялық нормаларды сақтау үшін дербес жауапты болады. Қызметкерлерді COVID-19-дан қорғау жөніндегі іс-шаралардың толық тізімі барлық өнеркәсіптік және құрылыс нысаны үшін әзірленген.

Сонымен қатар, қаладағы эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, барлық нысан жұмыс комиссиясы тарапынан қажетті санитариялық талаптарға сәйкестігі тұрғысынан аудиттен кейін ғана кезең-кезеңімен ашылатын болады.

Өзгелердің жаңалығы