Алматыдағы бірнеше көшеде жылдамдық өзгерді

15 Қаңтар 2019, 10:15
4645
Бөлісу:
Алматыдағы бірнеше көшеде жылдамдық өзгерді

Алматы, BAQ.KZ.  Бүгіннен бастап Алматыдағы Әл-Фараби, Сайын және Шығыс айналма даңғылында көлікпен жүру жылдамдығы 80-нен 60-қа өзгертілді. Бұл туралы қалалық Полиция департаменті хабарлады.

Көше бойындағы жылдамдық белгілері өзгертілген және жылдамдықты тіркейтін бейне құралдар қайта бапталуда.

16 қаңтардан бастап жол ережесін бұзғандардың мекенжайына айыппұлдар жөнелтілетін болады. 

«Бүгін көлік жүргізушілеріне жаңа жол ережесіне бейімделу үшін уақыт берілуде. Оның үстіне бұл даңғылдар бойында жылдамдық төмендетілетіні туралы ақпарат бірнеше айдан бері тарауда. Барлық көлік жүргізушілерін жол қозғалысы ережесін қатаң сақтауға шақырамыз, бұл олардың қауіпсіздігінің кепілі», -дейді Алматы қаласы Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандос Мураталиев.

Қалалық полицияның мәліметінше, мұндай тәжірибе Нью-Йорк, Лондон сияқты әлемнің ірі қалаларында қолданылып, нәтижесінде мыңдаған адамның өмірін сақталған.

«Өткен жылы Алматыда 4203 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның басым көпшілігі сағатына 60-тан 80 км дейінгі жылдамдық белгіленген аумақта орын алған, яғни күн сайын 12 апат болып отырған. Сондай-ақ жол апатынан 121 адам мерт болған, бұл әр үш күн сайын Алматы көшелеріне бір адамнан көз жұмып отырғанын көрсетеді», -дейді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Өзгелердің жаңалығы