Алматы жолдарында 1 844 шұңқыр анықталды

13 Сәуір 2021, 16:50
1719
Бөлісу:
Алматы жолдарында 1 844 шұңқыр анықталды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы Мобильділік басқармасы басшысының орынбасары Ернұр Абжахан онлайн брифинг барысында қаладағы жолдардың сапасы жайлы баяндады.

Оның айтуынша, 8 сәуірдегі жағдай бойынша қаладағы 287 көшеде жөндеуді қажет ететін 1 844 учаске анықталған.

12 сәуір күні қала көшелеріндегі 205 шұңқыр жамалып, 15 люктің жақтауы түзетілді. Сонымен қатар қаланың коммуналдық және инженерлік қызметі қазған 564 шұңқыр анықталды. Тағы 30 шұңқырды жекеменшік ұйымдар қазған. Қазір қала көшелерін жөндеуге 36 бригада, 160 арнайы техника, 394 жұмысшы тартылған. Яғни қаладағы 35 көшеде жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр, - деді ол.

Алматыда 3096,8 шақырымды құрайтын жол бар, соның 298,5 шақырымына әлі асфальт төселмеген. 2025 жылға дейін қалада 350 км жаңа жолдың құрылысы жүргізілмек.

Биыл 200 көшеде 196,5 км құрайтын аумаққа орташа жөндеу жұмысы жүргізіледі. Оның ішінде 17 магистральді көшелер бар. Атап айтқанда Рысқұлов, Сүйінбай, Сәтбаев, Күдерин, Райымбек, Момышұлы, Сейфуллин және тағы басқалары. Сәуір айында монтаж жұмыстарына дайындық басталады. Ал асфальт төсеу жұмысы мамыр айында жүргізіледі. Магистральді көшелерді жөндеу жұмысын шілде айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Басқа көшелерді жөндеу жұмысы қазан айына дейін жалғасады, - деді ол.

Сонымен қатар ол қаладағы 10 ықшам ауданда жолдар күрделі жөндеуден өтетінін айтты.

Өзгелердің жаңалығы